Сіздерді Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – дене шынықтыру мен спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосып жүрген барлық азаматтарға көрсетілер құрметтің белгісі, ризашылықтың жарқын көрінісі.
Спорт – ел рухын көтеріп, ұлт намысын биіктететін күш, денсаулық пен бірліктің, ерік-жігер мен табандылықтың нышаны.
Қазақстандық спортшылардың халықаралық ареналардағы жарқын жеңістері — еліміздің абыройын арттырып, халықтың мерейін үстем етуде. Ал бұқаралық спорт — ел болашағының берік негізі, ұлт саулығының басты тірегі.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамын үнемі қолдап, оның ішінде денсаулығы мықты, белсенді өмір салтын ұстанатын ұрпақ тәрбиелеуді басты міндеттерінің бірі деп санайды. Осы орайда біз бұқаралық спортты кеңінен насихаттап, еңбек ұжымдары арасында салауатты өмір салтын ұстануды және спорттық мәдениетті дамытуға айрықша көңіл бөлеміз.
Құрметті спорт саласының өкілдері!
Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен табандылықтарыңыз — жастарға үлгі, елге мақтаныш.
Сіздерге мықты денсаулық, таусылмас қуат, отбасыңызға амандық пен ырыс-береке, спорт пен өмір жолында жаңа белестер мен жарқын жеңістер тілеймін!
Ізі ниетпен,
Қазақстан Республикасы
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы
С. Дәулеталин