Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар бас қосып, ұлттық спорт түрі – асық атудан өзара мықтыны анықтауда. Дәстүрге айналған бұл чемпионатқа Қазақстанның 18 өңірінен келген 108 үздік спортшы қатысып, төрт күн бойы өз шеберліктерін ортаға салады. Жарысқа 2005–2008 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар қатысуда.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, жастар арасында асық атуға деген қызығушылықты арттыру және дарынды спортшыларды анықтау. Шараның ұйымдастырушысы – Ақтөбе облыстық асық ату федерациясы. Ал бас демеушісі – ұлттық спорттың дамуына ерекше үлес қосып жүрген, бірнеше жылдан бері Павлодар және Ақтөбе өңірлерінде асық атуды қолдап келе жатқан «Қазхром» компаниясы.
— «Жасөспірімдер арасында чемпионат өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Асық ату – бұл жай ғана ойын емес, ол халқымыздың бай мәдени мұрасы, ұлттық тәрбиенің негізі. Жастардың бұл спорт түріне қызығушылық танытып жатқаны бізді қуантады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, дәстүрлі спорт түрін дамытуға ұдайы қолдау білдіріп келе жатқан «Қазхром» компаниясына шын жүректен алғысымызды білдіреміз», – деді Ақтөбе облыстық асық ату федерациясының президенті Елтай Өтегұлов.
Чемпионаттың алғашқы күні ерекше марапаттар мен салтанатты сәттерге толы болды. Ұлттық спортқа сіңірген еңбегі үшін Елтай Өтегұлов «Асық атудың еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, Хромтау қаласындағы №3 орта мектептің ұстазы Үміт Жақсылыққызы ұлттық спортты дамытудағы еңбегі үшін «Алтын асық» төсбелгісіне ие болды.
Жарыс барысында болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар да назардан тыс қалмады. Хромтау ауданы Дон ауылындағы гимназияның 3-сынып оқушысы Айкөркем Асхат ерекше жетістігі үшін «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат» куәлігін иеленді.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев арнайы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, ұлттық дәстүрді жалғастыру жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.
ч Асық ату – тек спорт емес, ұлттың рухани жаңғыруының бір бөлшегі. Мұндай чемпионаттар арқылы жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен ұлттық сана қалыптасып, қазақтың бай мұрасы дәріптеледі. Жарыстың алдағы күндері де қызықты әрі тартысты өтедіп күтілуде.