Сәрсенбі, 20 тамыз күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитетінің отырысы өтті.
Отырыс барысында 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділетті еңбек: қорғау, даму, инновациялар» атты ҚРКФ Стратегиясын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары бекітілді.
Аталған құжат кәсіподақ қозғалысының жаңа бес жылдық кезеңіндегі даму бағытын айқындайды және оның басты мақсаты – әлеуметтік қорғауды нығайту, цифрлық жаңғыруды қамтамасыз ету және еңбекке араласқан жастарды кәсіподақ жұмысына тарту.
ҚРКФ Стратегиясын іске асыру жоспарын Атқару комитетінің мүшелеріне Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева таныстырды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде 2025–2030 жылдарға арналған Федерация қызметінің Стратегиясы бекітілді. Бұл құжат Федерация мен оның мүшелік ұйымдары үшін кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары бойынша жүйелі әрі үйлестірілген жұмыс жүргізуге берік негіз қалайды. Стратегияны тиімді іске асыру мақсатында нақты мерзімдер, нәтижелілік көрсеткіштері, қаржыландыру көлемі және жауапты орындаушылар көрсетілген Іс-шаралар жоспары әзірленді, – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева.
Оның айтуынша, Жоспар Федерация қызметіндегі басым бағыттарды қамтитын 10 негізгі бөлімге бөлінген 143 тармақтан тұрады.
«Олардың қатарында – әлеуметтік әріптестік пен тиімді диалогты нығайту; жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау; еңбекті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету; еңбек нарығы мен жұмыспен қамтуды дамытуға жәрдемдесу; халықаралық байланыстар мен ынтымақтастықты кеңейту; кәсіподақтардың ұйымдық және кадрлық әлеуетін нығайту; кәсіподақтық оқыту жүйесін дамыту; жастар және гендерлік саясатты жүзеге асыру; кәсіподақ қозғалысының имиджін қалыптастыру; кәсіподақ қозғалысын цифрландыру бар. Стратегияны іске асыру тетігіне жеке бөлім арналған. Жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат ҚРКФ Бас кеңесінің қарауына тұрақты түрде ұсынылып отырады. Онда қол жеткізілген нәтижелер, анықталған проблемалар және одан арғы жұмыс бойынша ұсыныстарға ерекше назар аударылады», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Жоспарға сәйкес ҚРКФ жұмыспен қамтудың барлық нысандарындағы қызметкерлердің жалақыларын міндетті индекстеуге, еңбек үшін тең құндылық принципіне, бейресми сектордағы еңбек қатынастарын және платформалық жұмыспен қамтуды заңдастыруға, сондай-ақ қызметкерлердің мүдделерін қорғау бойынша кәсіподақтардың өкілеттіктерін кеңейтуге қол жеткізуді жалғастырады.
Әлеуметтік әріптестікті дамыту саласындағы жұмыс шеңберінде Жоспарда үш жақты комиссияның қолданыстағы тетігін институционалдық нығайту бойынша қадамдар көзделген. Сондай-ақ өңірлік комиссиялардың тиімділік рейтингін, «жылдам келіссөздер» тетігін енгізу және келісімдердің орындалуын бақылауды күшейту ұсынылады.
Жаһандық экологиялық сын-қатерлерге жауап ретінде Кәсіподақтар федерациясы жұмысшыларды қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеуге, «Just Transition» жасыл экономикаға әділ көшу қағидаттарын іске асыруға және көмірсутекті сала қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғауға бастамашылық жасайды.
Цифрлық трансформация бөлімі бойынша «Kasipodaq App» мобильді қосымшасын іске қосу, кәсіподақтық білім беру үшін онлайн-платформа құру, цифрлық құқықтық және консультациялық қызметтерді дамыту, сондай-ақ егде жастағы және ауылдық жұмысшыларға цифрландыру мәселелерінде қолдау көрсетуге бағытталған «Цифрлық кәсіподақ еріктісі» жобасын бастау шаралары қарастырылған.
Атқару комитетінің отырысы барысында жастар саясатын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мәселен, ҚРКФ қызметінің стратегиясы мен оны іске асыру жоспарында кәсіподақ ұйымдарындағы жастардың үлесін 30%-ға дейін ұлғайту, әйелдер мен жастардың сайланбалы органдарға қатысуына квоталар енгізу, сондай-ақ «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі», «Демалыс күнінің кәсіподақ мектебі», «Әйелдер көшбасшылығы мектебі» және т.б. жобаларды іске асыру мақсаты бекітілген.
Жиын барысында Абай облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасын сайлау өтті.
Кәсіподақтар федерациясы Жарғысының ережелеріне сәйкес, облыстық Кәсіподақтар орталығы Үйлестіру кеңесі мүшелерінің ұсынысымен Қуаныш Сүлейменовтің кандидатурасы ұсынылды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Атқару комитетінің мүшелері ұсынылған кандидатураны қолдады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы