25 тамыз, дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының орталық кеңсесінде ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Еуропа және Орталық Азия бойынша Өңірлік бюросының аға әкімшісі Хутан Хумаюнпур бастаған ХЕҰ өкілдерімен кездесу өтті.
Миссияның мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Халықаралық еңбек ұйымы арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, сондай-ақ Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі қолданыстағы Жол картасын іске асыруда тараптардың міндеттемелерін орындау. Сонымен қатар, кездесу барысында алдағы жұмыс жоспары талқыланып, ХЕҰ-ның«Қазақстанның тау-кен өндіру секторындағы әлеуметтік диалог арқылы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын қамтамасыз етуге жәрдемдесу» жобасы аясында атқарылып жатқан ынтымақтастықтың нәтижелері бағаланды.
Халықаралық еңбек ұйымы миссиясының қатысушыларын қарсы алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі қолданыстағы Жол картасын іске асыруда ҚРКФ мен ХЕҰ-ның ортақ ұстанымын атап өтті.
«Үкімет, республикалық жұмыс берушілер мен кәсіподақтар бірлестіктері қол қойған Жол картасы – қауіпсіз жұмыс орындарын құру, лайықты жалақы мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету жөніндегі біздің ортақ міндеттемелерімізді айқындайтын маңызды құжат. Бұл кәсіподақтар үшін ел бойынша Лайықты еңбек бағдарламасын ілгерілету тұрғысынан аса маңызды. Біз бүгін талқыланып отырған ХЕҰ жобасы – «Қазақстанның тау-кен өндіру секторында әлеуметтік диалог арқылы еңбекті қорғауды ілгерілету» сияқты барлық бастамаларды Жол картасын іске асырудың ажырамас бөлігі ретінде қарастырамыз. Бұл құжаттың қағидаттары Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған жаңа Стратегиясымен толық сәйкес келеді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бұл жобаға басталған күнінен бастап белсенді қатысып келеді және біз одан үлкен әлеует көреміз», – деді ҚРКФ Төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин ХЕҰ-мен бірлескен еңбектің арқасында елеулі нәтижелерге қол жеткізілгенін де атап өтті.
«Жол картасын іске асыру басталғаннан бері қол жеткізілген нақты нәтижелерді қуана қабылдаймыз: еңбекті қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер болды – еңбекті қорғауды өтемдік модельден тәуекелге бағытталған басқару моделіне көшу жүзеге асты; мемлекеттік еңбек инспекциясы орталық уәкілетті орган ретінде құрылды; Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулардың алдын алу ұлттық орталығы қайта қалпына келтірілді; ХЕҰ-ның 131-ші конвенциясын ратификациялау мәселесі Қазақстан Республикасының Парламентінде қаралуда», – деді ҚРКФ Төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин еңбекті қорғау мәселелерінде кәсіподақтардың нақты ұстанымы бар екенін және сол ұстанымға берік екенін еске салды.
«Біздің мақсатымыз – халықаралық стандарттарға тек қағаз жүзінде сәйкес болу емес, әрбір жұмысшы өзін қорғалғанын сезінетіндей жағдай жасау.Біздің ұстанымымыз – ешкім жұмыс орнында қаза болмауы тиіс.Қоғамдық бақылау, өндірістік кеңестер, техникалық инспекторлар институты – бұл жұмысшылардың құқықтарын қорғап, апаттар мен кәсіптік аурулардың алдын алуға мүмкіндік беретін нақты құралдар.Сондықтан біз әлеуметтік әріптестерімізге техникалық инспекторларға өндірістердегі қауіпсіздік бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін өкілеттіктерді беру туралы бірқатар ұсыныстар жолдадық», – деді Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.
Өз кезегінде ХЕҰ миссиясының басшысы Хутан Хумаюнпур Халықаралық еңбек ұйымы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы арасындағы әріптестіктің үдемелі дамып келе жатқанын атап өтті.
«ХЕҰ үшін Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясымен көпжылдық, үдемелі ынтымақтастық маңызды рөл атқарады.Біз Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасын іске асыру мәселелеріне жүз пайыз адалдығымызды білдіру үшін келдік.Жол картасын іске асыру Лайықты еңбектің ұлттық елдік бағдарламасын әзірлеуге жол ашады.ХЕҰ мен ҚРКФ-ның әлеуметтік әріптестікті дамыту, ХЕҰ конвенцияларын ілгерілету мен ратификациялау және елдік Бағдарламаны қабылдау бойынша ортақ мақсаттары бар», – деп атап өтті Еуропа және Орталық Азия үшін ХЕҰ Өңірлік бюросының аға әкімшісі.
Диалог барысында тараптар жалпы әлеуметтік-еңбек саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева Қазақстанда қабылданған ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесінің маңыздылығын, Кәсіподақтар федерациясы қабылдаған Еңбек саласындағы нөлдік төзімділік тұжырымдамасын жүзеге асыру, ХЕҰ-ның 190-шы конвенциясын ратификациялауды одан әрі ілгерілету аясында саланың әлеуметтік әріптестігі мен мәселелерін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
ҚРКФ Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу және шешу бөлімінің басшысы Марат Имаш ХЕҰ-ның 176-шы «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы» конвенциясын мүмкіндігінше тезірек ратификациялау қажеттігі және Қазақстандағы көмір кеніштеріндегі кадр тапшылығы мәселесін шешудің өзектілігі туралы айтты.
Хутан Хумаюнпурдың шетелдік инвесторлар қатысатын кәсіпорындардағы жұмысшылардың мүмкін болатын мәселелерін шешу әдістері туралы сұрағына ҚРКФ Төрағасы мұндай жағдайда Кәсіподақтар федерациясы, ең алдымен, халықаралық кәсіподақ институттары мен Қазақстан Республикасының Үкіметі, Еуропалық кәсіподақ конфедерациясы, Халықаралық кәсіподақ конфедерациясы және Ұлттық кәсіподақ конфедерациясы сияқты әлеуметтік әріптестердің қолдауына сүйенетінін айтты.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылығымен сындарлы диалогты атап өткен ХЕҰ миссиясының басшысы ҚРКФ-мен стратегиялық әріптестік үшін алғысын білдірді.
Кездесуді қорытындылай келе, ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қазақстандық кәсіподақтардың бүкіл қоғаммен және елмен бірге алға сенімді қадам басып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформалар, оның ішінде әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы өзгерістер әлеуметтік әріптестерге қазақстандық еңбеккерлердің игілігі үшін бірлесіп талқылап, шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Біз әлеуметтік әріптестікті дамытуға, халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілетуге және бұл арқылы еңбеккерлер мен тұтас еліміздің игілігіне өз үлесімізді қоса береміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Еске сала кетейік, Халықаралық еңбек ұйымымен бірлескен Жоба 2024 жылғы желтоқсанда басталған болатын.Бұл жобаны іске асыру бағдарламасы 2025–2026 жылдарға жоспарланған іс-шараларды қамтиды.Биылғы жылдың тамыз айына дейін халықаралық сарапшылардың, ҚРКФ және әлеуметтік әріптестердің қатысуымен 5 семинар өткізілді.Олардың барысында Қазақстанның тау-кен өндіру секторындағы еңбек қауіпсіздігінің жай-күйіне кешенді талдау жүргізіліп, тиісті ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленіп, есептер дайындалды.
11 шілдеде – “E-Collab.OSH” веб-порталын (цифрлық құрал – стандарттарды сақтау қоймасы, еңбекті қорғау бойынша практикалар) әзірлеу және ықпалдастырудан, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы бойынша онлайн курстарды әзірлеуден тұратын “E-Collab.OSH” цифрлық БГТ порталы” жобасын іске қосу басталды.Осы жобалар аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы тақырыбындағы подкасттарға спикерлер ұсынды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта ХЕҰ-ның «Жерасты көмір шахталарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-тәжірибе кодексі» негізінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде қауіптер мен тәуекелдерді карталау және бақылау шаралары модулі іске асырылуда.
Ағымдағы айдың басында ҚРКФ Халықаралық еңбек ұйымынан бұған дейін жіберілген үш есептің соңғы нұсқаларының мақұлданғаны туралы ресми растау алды. Бұл құжаттар жобаның келесі кезеңдерін орындау үшін қажет.
Осы күндері Қазақстанда ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік бюросының аға әкімшісі Хутан Хумаюнпур бастаған миссия ұлттық деңгейдегі әлеуметтік әріптестермен бірқатар техникалық консультациялар өткізуде.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Медиаорталығы