Балаларға қамқорлық көрсетілді

Жаңа оқу жылының қарсаңында «Астана Тазалық» мекемесінде игі дәстүрге айналған «Сәлем, мектеп!» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара аясында кәсіпорынның 53 қызметкерінің 1-сыныпқа баратын баласына кеңсе тауарларымен жабдықталған мектеп сөмкелері табысталды.

Бұл бастама балалардың мектепке деген қызығушылығын арттырып, ата-аналардың көңіліне қуаныш сыйлады. Жаңа сөмкелер мен қажетті оқу құралдарын алған бүлдіршіндердің жүзінен шаттық байқалды.

Мекеме директоры Замир Сағынов мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерге жүрекжарды тілегін білдіріп, олардың білім жолындағы қадамдарына сәттілік тіледі.

Кәсіподақ ұйымының төрайымы Сымбат Какимова осы дәстүрлі акцияның алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Мерекелік көңіл-күйді көтеру мақсатында бүлдіршіндер үшін арнайы аниматорлар шақырылып, қызықты ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Балаларға түрлі тәтті тағамдар мен сусындар ұсынылып, шынайы мейірім мен қуанышқа толы сәттер сыйланды.

Іс-шара соңында ата-аналар мекеме басшылығына және кәсіподақ ұйымына зор алғыстарын білдіріп, осындай жанашырлық пен қамқорлықтың үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Бұл акция қызметкерлердің арасындағы бірлік пен ұйымшылдықты нығайтып, олардың әлеуметтік тұрғыда қолдауға ие екендігін көрсетті.