«Щучинский» санаторийінде Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалының 10 жылдығына арналған Форум өтті. Іс-шара маңызды кезеңге – Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтары жылымен тұспа-тұс келді.

Форумға мүшелік ұйымдардың өкілдері, әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен жастар көшбасшылары және Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов қатысты.

Он жыл ішінде филиал өз жұмысын тиімді диалог алаңы, әлеуметтік әріптестікті нығайту және сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау құралы ретінде дәлелдеді.
Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов өз сөзінде Кәсіподақтар федерациясының алдағы бес жылға арналған даму Стратегиясы туралы кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, бұл Стратегия – еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек қауіпсіздігін арттыру және кәсіподақ қозғалысын жаңғырту бағытында кешенді шараларды қамтиды. Сонымен қатар, құжатта еліміздегі еңбек нарығындағы өзгерістер мен заманауи талаптар ескеріліп, кәсіподақтардың жұмысын жаңаша бағытта дамыту көзделіп отыр.

Төлеген Күнәділов Стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – жастар мәселесі екенін ерекше атап өтті. Ол жастардың кәсіподақ қозғалысына белсенді түрде тартылуы, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек нарығына бейімделуіне көмектесу, сондай-ақ жас қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.
«Жастар – елдің болашағы ғана емес, қазіргі еңбек нарығының белсенді қатысушылары. Сондықтан біз оларға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Жас мамандардың бастамаларын қолдау, кәсіподақтар қатарында көшбасшы жастарды тәрбиелеу – біздің негізгі мақсатымыз», – деді ол.
Сонымен бірге, төраға кәсіподақ ұйымдарының жастармен жұмыс істеуде жаңа форматтарды енгізіп жатқанын, оның ішінде еріктілік, жобалық басқару, білім беру бағдарламалары және цифрлық алаңдар арқылы өзара әрекет ету сынды тәсілдерді атап өтті.

Форум аясында кәсіподақ қызметіндегі жастардың рөліне ерекше назар аударылды. Бастауыш кәсіподақ ұйымының «Үздік жастар кеңесі» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Бұл байқау жастар бастамаларын дамыту мен қолдауға бағытталған.
Салалық кәсіподақтың «Астана» қалалық филиалының төрайымы Тілеулес Мадьярова өз сөзінде: «Ағымдағы жылдың ақпан айында Атқару комитетінің шешімімен байқау жариаланды. Ол бес кезеңнен тұрды: «Кәсіподаққа қосыл!» үгіт-плакаты байқауы, «Кәсіподақ имиджі» PR-акциясы, «Жастар және ұжымдық шарт» байқауы, «Мен неге төраға болғым келеді…» жас көшбасшылар байқауы және жастар кәсіподақ активі жұмысы туралы бейнероликтер байқауы. Байқауға төрт ұйымнан 16 қатысушы өтініш бергенімен, финалға тек ең табанды әрі белсенді 5 адам ғана жетті. Жастар – кәсіподақтың тірегі, ал оның күші – ұрпақтар бірлігінде»,-деп атап өтті.

«Бастауыш кәсіподақ ұйымының үздік жастар кеңесі» байқауының нәтижесінде келесі жеңімпаздар анықталды:
«Жастар кәсіподақ активінің жұмысы туралы үздік бейнеролик» номинациясы бойынша:
I орын – «Астана су арнасы» МКК БКҰ жастар командасы;
II орын – «Астанагенплан» ҒЗЖИ» БКҰ жастар командасы;
III орын – «Астана – Тазалық» ЖШС ЖКО жастар командасы.
Арнайы номинациялар:
«Үздік кәсіподақ бастамасы» — Жаңбыр Әкежан, «Астанагенплан»ҒЗЖИ» ЖШС маманы
«Көрермендер көзайымы» — Әбіш Гүлдана, «Астанагенплан» ҒЗЖИ» ЖШС-нің бас маманы.
Жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Олардың жобалары кәсіподақ қозғалысындағы жастар саясатының үздік тәжірибелері ретінде танылды.
Форум мазмұнды мәдени бағдарламамен, достық жүздесумен және ұрпақтар белсенділерінің тәжірибе алмасуымен аяқталды.
