Түркістан облысының Сайрам ауданында Сайрам ауданының 90 жылдығы аясында «Қазақстан халқының тілдер күні» мерекесіне орай Сайрам аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы, аудандық білім беру бөлімімен бірлесе отырып, «Тілім – тәуелсіздіктің тірегі» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Бір шаңырақ аясында, бірлікпен татулықты ту еткен 130-дан астам ұлт және ұлыс өкілдері мекендеген еліміз Қазақстан – көп ұлтты мемлекет, достықтың алтын тұрағы.
Сайрам ауданында 56 ұлт өкілі бар, 8 ұлттық этно-мәдени орталық белсенді жұмыс атқарып келеді.
Іс-шараға аудан тұрғындары, мектеп басшылары, мектеп мұғалімдері, аудандағы колледждердің оқытушылары және оқушылар қатысты.
Аудан тұрғындары мен қонақтарын мерейлі мерекемен аудан әкімі Б.Мамаев құттықтап, тіл жанашырларын марапаттады.
Марапат алушылардың ішінде аудан мектептеріндегі басқа ұлт мұғалімдері – қазақ тілі пәнінің мамандары да болды.
«Қазақстан халқы тілдері» мерекесімен барша аудан жұртшылығын Сайрам аудандық кәсіподақ комитетінің кеңесшісі С.Сейдалиева: «Әрбір тіл өзінің халқы үшін – ұлы! Себебі, біз өзгелерге жан толғанысымызды, ішкі тебіренісімізді, бар сезімімізді, ұғымтал, ұшқыр ойларымызды тілдесу арқылы жеткіземіз. Түптеп келгенде жер бетіндегі барша тіршілік иелері өзінше ұғысады. Яғни, тіл – адамдар арасындағы қарым – қатынастың, дүние танудын негізгі құралы, достық пен ынтымақты ту етіп, бірлік пен татулықты жыр еткен барша Қазақстан халықтарының мызғымас достығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін» деп құттықтауын білдірді.
Артынша сахнада Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері, №25 Д.Қонаев атындағы колледж студенттері, №1 Балалар саз мектебінің өнерпаздары, «Мәртөбе» жалпы орта мектебінің оқушылары қазақ, өзбек, күрді, татар, орыс, әзербайжан, кәріс, т.б. ұлттардың билерін орындап, әндерін шырқады.