Қазақстан кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығына орай Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтарды қорғаудың өзекті мәселелерін талқылау бойынша кездесу өтті.
Іс-шара ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі мен кәсіподақтар бірлестігі арасында жасалған ынтымақтастық меморандумы шеңберінде ұйымдастырылды. Басқосуға өкіл Берікбол Бихожаев, өңірдегі бірқатар мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жауапты тұлғалары, сала мамандары және өкіл жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері қатысты.
Кездесудің алғысөзінде кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов адамдардың еңбек құқықтарын сақтаудың маңыздылығы мен кәсіподақтардың еңбек әлеуметтік қатынастарды реттеудені рөліне тоқталды.
Күн тәртібінде еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтарды қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды. Осы бағыттағы негізгі баяндаманы кеңес мүшесі, Қызылорда облыстық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева жасады.
Ол өз сөзінде жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарының жиі бұзылатынына тоқталды. Атап айтқанда, көптеген жұмыс берушілер міндетті әлеуметтік төлемдерді уақытылы аудармайды. Бұл өз кезегінде еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдерден, жұмыссыз қалған жағдайда жәрдемақыдан қағылуға, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының азаюына әкеп соқтырады. Сонымен қатар, жұмыс орнында жазатайым оқиғалардың орын алуы – еңбек қауіпсіздігінің жеткіліксіздігін айғақтайды. Мысалы, тоққа түсіп қаза болу, ауыр күйік алу сияқты оқиғалар жұмыскерлердің денсаулығы мен өмірінің тиісті деңгейде қорғалмағандығы салдары екендігін атап өтті.
Жиында келесі сөз алған Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің бас маманы Дәурен Садуов та өз баяндамасында еңбек құқықтарын қорғау саласындағы проблемаларға назар аударды.
Отырыс соңында еңбек жағдайларын жақсарту, өндірістік қауіпсіздік деңгейін көтеру және әлеуметтік төлемдердің толық әрі уақытылы жүзеге асырылуы бойынша бірқатар ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Сараптамалық кеңес мүшелері бұл бағыттағы жүйелі шешімдер – азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.