Сатыбалды Дәулеталин: “Басты мақсатымыз – Еңбек адамының өмір сапасын арттыру, қоғамдағы беделі мен абыройын көтеру”

Жұма күні, 19 қыркүйекте, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада өткен «Еңбек шеберлері – 2025» кәсіби шеберлік байқауының финалдық кезеңіне қатысты.

Іс-шараны ұйымдастырушылар – Астана қалалық Кәсіподақтар орталығы, құрылыс кешені мен тұрғын‑үй‑коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының елордадағы филиалы, сонымен бірге Астана қалалық мәслихаты. Байқау коммуналдық саладағы негізгі инфрақұрылымдық нысандардың бірі – ШЖҚ «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының оқу‑өндірістік базасында өткізілді.

«Еңбек шеберлері – 2025» байқауының басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, коммуналдық қызмет мамандарының еңбегін кеңінен насихаттау, жастарды техникалық мамандықтарға тарту және өндірістік тәжірибе алмасуға жағдай жасау.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Еңбек адамына деген терең құрметін білдіріп, жұмысшы кәсіптерінің қоғамдағы маңызды миссиясын ерекше атап айтты.

«Бұл шара – еңбек адамына деген құрметтің белгісі, оның қоғамдағы беделі мен мәртебесін айқындайтын маңызды оқиға. Әсіресе маңыздысы, бұл шара Мемлекет басшысының жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтіп жатқандығы. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым‑Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл бастамасы – еңбекке деген шынайы құрметтің, оның құнын арттыру мен жұмысшының тұрмыс сапасын жақсартуға деген ұмтылысы. Кәсіподақтар федерациясы бұл бастаманы тарихи маңызды деп санайды, себебі ол әлеуметтік бірлікті нығайтып, еліміздің даму жолында негіз қалайды», – деді Сатыбалды Даулеталин.

Төраға сөзінде адам еңбегінің ұлттық әл‑ауқаттың және қоғамның тұрақтылығының қайнар көзі екеніне тоқталды.

«Бүгінгі таңда еңбек – жай ғана күнкөріс құралы емес. Бұл – ұлт қуатының, болашаққа деген сенімнің, жалпы ұжымдық ой‑сананың символы. Қазақстанның барлық жетістіктері, экономикасының өсімі мен рухани құндылықтарының артуы – дәл сіздер секілді мамандардың еңбегінің жемісі. Сіздер – Астананың жүрегін соқтырып тұрған күшсіздер. Қаланы жылумен, жарықпен, таза сумен қамтамасыз етіп, көшелердің көркеюі мен көгалдандырылуына үлес қосып келесіздер. Сіздердің жанкешті еңбектеріңіз – елорданың жайлылығы мен тұрмыс сапасының негізі, және ол ең терең құрмет пен ризашылыққа лайық», – деді ол.

Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин Федерацияның негізгі міндеті – еңбеккерлердің құқықтарын қорғау екенін ерекше атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы әрдайым Еңбек адамының мүддесін қорғау жолында. Біздің міндетіміз – жұмысшылардың әлеуметтік және экономикалық құқығын сақтау, олардың еңбегі әділ бағаланып, жағдайы жақсартылуын қамтамасыз ету», – деп сөзін аяқтады ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин байқауға қатысушыларға сәттілік, кәсіби шеберлік және жеңіс тіледі.

«Бүгінгі байқау – өз ісінің үздіктері бас қосқан, нағыз шеберлердің бәсекеге түсер алаңы. Барша қатысушыларға сәттілік, кәсіби сенімділік және жарқын болашаққа деген берік сенім тілеймін. Еңбек адамына деген құрмет – ел бірлігінің кепілі. Шын шебердің маңдай терімен өрілген еңбегі еліміздің өркендеуіне жол аша берсін», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Байқауға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнулкабден де Жұмысшы мамандықтар жылының маңыздылығына, сондай-ақ техникалық және өндірістік сала мамандарын жүйелі түрде қолдау қажеттігіне ерекше тоқталды.

«Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылын жариялаған сәттен бастап, мемлекеттік саясаттың басты назары еңбек адамдары мен олардың отбасыларына бағытталды. Бұл бағытта нақты нәтижелер де көріне бастады – кәсіпорындарда тарифтік ставкалар өсіп, жалақы деңгейі артуда. Астана қаласында коммуналдық сала қызметкерлеріне арнап саябақтар мен аллеялар ашылып жатыр. Мұндай бастамалар – жұмысшыларға деген ризашылық пен құрметтің жарқын көрінісі. Өзім де осы салада көп жыл еңбек еткен жан ретінде бүгін сіздердің араларыңызда тұрғаныма мақтанамын. Сіздердің еңбектеріңіз – қаланың игілігі мен дамуының берік негізі. Әрбір қатысушыға сәттілік тілеймін, жеңіс ең мықтыға бұйырсын!», – деді Табиғат Зейнулкабден.

Сөзінің қорытындысында ол осындай мазмұнды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдіріп, олардың жастарды жұмысшы кәсіптеріне тартуға, кәсіби қауымдастықты нығайтуға және техникалық мамандықтардың абыройын көтеруге үлкен серпін беретінін атап өтті.

Астананың жетекші коммуналдық кәсіпорындары өз шеберлерін додаға қосты. Байқауға елорданың коммуналдық қызмет саласындағы жетекші жеті кәсіпорынның командалары қатысты. Әр команда құрамында бір газоэлектрмен дәнекерлеуші мен екі электрмонтер болды.

Қатысушылар қатарында: «Астана-РЭК» АҚ, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астана-Энергия» АҚ, «Астана-Зеленстрой» ЖШС, «Астана Тазалық» ЖШС, «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК және «Астана су арнасы» ШЖҚ МКК қызметкерлері бар.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды және қатысушылардың нақты кәсіби шеберліктерін жан-жақты көрсетуге бағытталды. Газоэлектрмен дәнекерлеушілерге құбырлар мен монтаждық қосылыстарды жоғары дәлдікпен дәнекерлеу, жоғары температурамен жұмыс істейтін жабдықтарды меңгеру және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау тапсырмалары берілді. Ал электрмонтерлерге реверсивті іске қосқышы бар электрқозғалтқышты орнату және іске қосу, сызба негізінде электр тізбегін құрастыру, ақауларды диагностикалау және оларды жою сынды техникалық жағынан күрделі міндеттер жүктелді. Қатысушылардың жұмысын қазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамына салалық тәжірибелі мамандар мен техникалық тәлімгерлер кірді. Бағалау барысында әділдік пен кәсіби талаптар толықтай сақталды.

Конкурстық сынақтардың нәтижелері бойынша білікті қазылар алқасы газоэлектрдәнекерлеушілер мен электрмонтерлер арасында жеңімпаздарды анықтады. Қатысушылар кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін, техникалық дәлдікті және еңбек қауіпсіздігі нормаларын қатаң сақтауды көрсетті.

Газоэлектрдәнекерлеушілер сайысында бірінші орынды «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның өкілі Даурен Сейтен иеленді. Екінші орынды «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК-нің қызметкері Александр Пронин алды. Үшінші орынға «Астана-Энергия» АҚ-ның қызметкері Виталий Гребенюк лайық деп танылды.

Электрмонтерлер арасында бірінші орынды «Астана су арнасы» ШЖҚ МКК-нің электрмонтерлері Ерлан Байдалин мен Асыл Бақтыбай жеңіп алды. Екінші орын «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның өкілдері Олжас Сейдахмет пен Айбек Қуанышқа берілді. Үшінші орынды «Астана-Энергия» АҚ-ның қызметкерлері Қанат Мұқашев пен Жақсылық Батырғалиев иеленді.

Байқауға қатысушылар үшін жеңіп алған марапаттар олардың кәсіби жетістіктері, еңбегі мен өз ісіне сіңірген күш-жігерінің жарқын мойындалуына айналды.

Жеңімпаздар өз әсерлерімен бөлісіп, мамандық жолы мен байқауға қатысудың маңыздылығы туралы айтып берді.

«Астана Су Арнасы» АҚ-ның электрмонтері Ерлан Байдалин елорданың негізгі коммуналдық кәсіпорындарының бірінде он жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол еңбек адамын қолдауға бағытталған мемлекеттік бастаманың маңыздылығын атап өтті.

«Мен үшін бұл іс шара шын мәнінде маңызды әрі көптен күткен оқиға болды. Жұмысшы мамандықтардың мемлекеттік деңгейде танылуы – күн сайын коммуналдық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген барлық мамандар үшін үлкен алға басу. Бірінші орынды иелену – үлкен құрмет және жауапкершілік. Бұл мен ұмтылып жүрген кәсіби деңгейімнің дәлелі», – деп бөлісті электрмонтер.

Ерлан кәсіподақ тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың маңыздылығын да ерекше атап өтті.

«Біздің кәсіподақ өте белсенді жұмыс істейді және қызметкерлерге нақты қолдау көрсетіп келеді. Ол ұжым мүшелерінің өздерін қорғалған әрі сенімді сезінуіне жағдай жасайды, еңбек демалысына қосымша төлемақылар тағайындайды, материалдық көмек көрсетеді, оның ішінде көпбалалы отбасыларға да қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ кәсіподақ тұрақты түрде мотивациялық және мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып отырады», – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, байқауға дайындыққа байыпты қарау қажет болды.

«Электрмонтер – ұсақ-түйекке жол жоқ мамандық. Жоғары шоғырлану, ұқыптылық пен тәжірибе қажет. Он жыл ішінде мен қажетті білім мен дағдыларды жинадым, бірақ бұл нәтижеге қол жеткізуде әріптестерімнің, кәсіподақ пен басшылықтың қолдауы үлкен рөл атқарды», – деді байқау жеңімпазы.

Өз мамандығының артықшылықтары туралы айтқан Ерлан бірнеше маңызды тұстарды атап өтті:

«Бұл – тұрақтылық, еңбек нарығындағы сұраныс және, әрине, кәсіби өсу мен даму мүмкіндіктері. Қауіпті учаскелер де бар, физикалық жүктеме жоғары, сондай-ақ жұмыс сапасы мен қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бірақ өз ісіңді сүйсең, бұл қиындықтар қорқытпайды, керісінше, сені шыңдай түсіп, мықты етеді», – деп қосты ол.

Байқау туралы әсерімен тағы бір жеңімпаз – Айбек Қуаныш те бөлісті. Ол «Астана-Теплотранзит» компаниясында электромонтер болып үш жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Байқауға ол әріптесі Олжас Сейдахметпен бірге қатысқан.

« Байқау достық және ынталандырушы атмосферада өтті – бұл, әсіресе, біз сияқты жас мамандар үшін өте маңызды. Кәсіподақ тек жалақы мен сыйақы жағынан ғана емес, жұмыс жағдайының қолайлы болуына да ықпал етеді. Жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігіне тұрақты бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар, кәсіподақ тұрмыстық мәселелер бойынша да жан-жақты қолдау көрсетеді: арнайы киіммен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда материалдық көмек ұсынады. Қиын жағдайда еңбек етіп жүрген қызметкерлерге де ерекше көңіл бөлінеді. Мұның барлығы – сені тыңдайтынын, сенің еңбегің мен денсаулығыңның бағалы екенін сезіндіреді », – деп атап өтті Айбек.

Өзінің кәсіби жолы туралы айтып берген Айбек бұл мамандықты таңдауы саналы болғанымен, бастапқыда айқын болмағанын мойындады:

«Мен Астанаға 2006 жылы келіп, политехникалық колледжге түстім. Алғашында өмірімді жол-патрульдік қызметпен байланыстырғым келді, бірақ ол жүзеге аспады. Содан кейін электрик болған үлкен ағама көмектесе бастадым – шамдар орнатып, сымдарды жалғадым, маған бұл жұмыс ұнай бастады. 2007 жылы колледжге түсіп, осы мамандықты алып шықтым, содан бері осы салада еңбек етіп келемін. Маған өз мамандығым ұнайды, және мен өз таңдауым үшін қуаныштымын», – деп әңгімеледі ол.

Осындай байқауларды өткізудің маңыздылығын мотивацияны арттыру және корпоративтік рухты нығайту тұрғысынан кәсіподақ көшбасшылары да атап өтті.

«Астана-Теплотранзит» АҚ-ның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бауыржан Балғожин Мемлекет басшысының бастамасы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және кәсіби дамуға жаңа серпін бергенін айтты.

Оның айтуынша, «Астана-Теплотранзит» АҚ байқауға қатысу туралы ұсынысты зор ықыласпен қабылдаған.

«Біз байқауға жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, әрі қарай дамуға ұмтылатын ең үздік мамандарды алып келдік. Әсіресе, бұл мамандықты саналы түрде таңдаған және саланың әрі елдің игілігі үшін еңбек етуге дайын жас жігіттерді көру – ерекше қуаныш. Жылумен қамтамасыз ету және электр энергетикасы саласында қателікке жол жоқ, өйткені бұл бүкіл астананың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан бізде тек білікті әрі өз ісіне берілген адамдар жұмыс істейді», – деді «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бауыржан Балғожин.

Сондай-ақ ол кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы айтып, көпбалалы отбасыларды қолдаудан бастап, әлеуметтік серіктестермен еңбек жағдайы мен жалақыны талқылауға дейін қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге белсенді қатысып отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде, «Астана-Зеленстрой» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Рүстем Токходжаев «Еңбек шеберлері – 2025» байқауының өткізілуі маңызды шара болғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл байқау қызметкерлердің кәсіби шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, электромонтер мен электрдәнекерлеуші сынды сұранысқа ие мамандықтарға назар аударуға мүмкіндік берді.

Кәсіподақ тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы айта отырып, «Зеленстрой» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы биыл жұмысшылардың жалақысы 25 пайызға артқанын хабарлады.

Байқау аясында коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері арасында екі күнге созылған мини-футбол турнирі де өтті. Бұл турнир корпоративтік рухты нығайтып, еңбек ұжымдары арасында салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды оқиғаға айналды.

Турнир нәтижесі бойынша 1-орынды – «Астана-РЭК» АҚ командасы, 2-орынды – «Астана су арнасы» ШЖҚ МКК командасы, 3-орынды – «Астана-Теплотранзит» АҚ командасы иеленді.

Іс-шара соңында барлық жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы