«Таза Қазақстан – болашақ үшін»: ҚРКФ және оның мүшелік ұйымдары ел бойынша экологиялық акция өткізді

27 қыркүйек, сенбі күні, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Еңбек күніне, Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және ҚРКФ-ның 35 жылдығына орай республика көлемінде экологиялық шара ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосу, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару және әрбір азаматтың елдің экологиялық болашағы үшін жауапкершілігін арттыру.

Астанада акция барысында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бастауымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының аппараты елорданың орталық көшелерінің бірі – Тұран даңғылында 50 қарағаш пен тал көшетін отырғызды. Федерацияның мерейтойлық жылында ағаш отырғызу кәсіподақ қозғалысының дәстүрлі тамыры мен өсіп-өркендеуінің символына айналды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл шараны кәсіподақтардың Бірлік күні деп атады.

«Бүгінгі шараға еліміздің барлық салалары мен аймақтарынан кәсіподақ мүшелері қатысуда: шахтерлер, металлургтер, дәрігерлер, мұғалімдер және өзге де еңбек адамдары. Бұл жай ғана сенбілік емес – бұл біздің болашаққа деген ұстанымымыздың көрінісі. Бұл – еліміздің рухын көтеретін үлкен іс-шара. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастырады. Бұл – біздің бірлігіміздің, Отанымызға, ортақ шаңырағымызға деген сүйіспеншілігіміздің айғағы. Жалпы, Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасын бүкіл халық қолдады. Ал кәсіподақтар үшін бұл тағы бір Бірлік күні», – деп атап өтті.

Айта кетейік, экологиялық акция Қазақстанның барлық аймақтарын қамтыды. Оған бірнеше мың кәсіподақ мүшелері қатысты. 500-ден астам ағаш отырғызылып, 20 гектардан астам аумақ абаттандырылып, шамамен 2 тонна қоқыс жиналды.

Мәселен, Түркістан қаласы мен Түркістан облысының бірқатар аудандарында жергілікті кәсіподақ мүшелері, ұйым қызметкерлері, еріктілер мен жастар кең көлемді санитарлық жұмыстар жүргізді.

Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентіндегі жаңа балалар музыка мектебінің аумағына сібір шыршасының көшеттері отырғызылды. Бұл шараға ардагерлер, жастар және әлеуметтік әріптестер белсенді қатысты.

Батыс Қазақстан облысының кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері осы күні «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығының аумағын көгалдандырып, бірнеше ондаған қарағай көшетін отырғызды.

Қарағанды облысында 80-нен астам кәсіподақ мүшесі әлеуметтік маңызы бар нысан – «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» АҚ аумағында санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде еліміздің барлық өңірінен шахтерлер мен металлургтер, сондай-ақ тау-кен металлургия кешенінің және өзге де өндіріс салаларының зиянды әрі қауіпті жағдайда еңбек ететін жұмысшылары, оның ішінде регресс-инвалидтер де ем қабылдап, денсаулығын қалпына келтіреді.

Жамбыл облысында 140-тан астам кәсіподақ мүшесі арша бұталарын отырғызып, Тараз қаласындағы саябақ аумағын абаттандырды.

Павлодар облысында ҚРҚФ «Таза Қазақстан – болашақ үшін» акциясы аясында кәсіподақ өкілдері Усолка өзенінің жағасындағы саябақ пен «Ертіс» шаңғы базасында абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар кәсіподақ акциясына тұрғындар да қосылды. Солардың бірі – елордалық зейнеткер Қобыланды Базарбаев былай деді:

«Мен бүкіл өмірімде еңбек еттім, еңбектің қадірін білемін және өз қалама, табиғатқа қамқор болудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бүгін жастардың, кәсіподақтардың және қарапайым адамдардың бірігіп ортақ игілікке жұмыс істеп жатқанын көрдім де, бей-жай қала алмадым. Бұл нағыз еңбек пен бірліктің мерекесі. Бүгінгі көңіл-күй үшін сіздерге алғыс айтамын», – деп әсерімен бөлісті.

«Таза Қазақстан – болашақ үшін» экологиялық акциясы табиғатты сақтау мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастама түрлі буын, кәсіп пен өңір адамдарын біріктіре алатынын көрсетті. ҚРКФ басшылығы мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, азаматтардың экология және тұрақты даму мәселелеріне белсенді араласуын арттыруға ықпал ететінін мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин акцияға қатысқан барлық азаматтар мен серіктестерге ортақ іске қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, экологиялық жауапкершілік – бір реттік шара емес, өмір салты және кәсіподақтардың әлеуметтік миссиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

«Бүгінгі күн – бірлік, ынтымақ пен ортақ құндылықтардың ел болашағы үшін игі істерге шабыт бере алатынының айқын дәлелі. Біз бірге болсақ – біз күштіміз», – деп қорытындылады ол.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» – Қазақстан Президентінің өткен жылдың сәуірінде бастаған республикалық акциясы. Федерация мен оның мүшелік ұйымдары осы бастаманы алғашқы күндерден-ақ қолдап, «Таза Қазақстан – болашақ үшін» ұранымен еңбеккерлерді табиғатты аялауға, отансүйгіштік пен туған жерге деген жауапкершілікті арттыруға белсенді түрде тартып келеді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы