Білім беру ұйымдарында еңбек құқықтарының сақталуы — басты назарда

Ақмола облысы Бурабай ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Қаршілік негізгі орта мектебінің базасында білім беру мекемелері басшыларының қатысуымен кезекті кеңес өтті.

Кеңестің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – аудан аумағындағы білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының сақталу жай-күйі болды. Бұл тақырып қазіргі таңда білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі ретінде қарастырылып отыр.

Мәселені талқылау барысында білім бөлімінің мамандары А.Хамитова мен А.Сыздықов, Щучинск қаласындағы №5 жалпы орта білім беретін мектеп директоры К.Шаяхметов және аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы филиалының төрағасы А.Абдрахманов баяндама жасап, өз пікірлерін ортаға салды.

Спикерлер білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс жүргізу – білім сапасымен қатар, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Жиын барысында еңбек шарттарының дұрыс рәсімделуі, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының сақталуы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуы сияқты мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, еңбек дауларының алдын алу, құқық бұзушылықтардың болдырмау жолдары, мектеп басшыларының құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар сөз болды.

Кеңес барысында 2023 жылғы 2 қазанда қабылданған №30-VIII Қазақстан Республикасы Заңы негізінде дайындалған, 2024 жылғы 20 қыркүйекте салалық кәсіподақтың Атқару комитетінің №1 қаулысымен бекітілген Қоғамдық бақылау туралы нұсқаулық басшылыққа алынып, талдау жүргізілді. Бұл құжат салалық кәсіподақ ұйымдарының еңбек құқықтарының сақталуын бақылаудағы рөлін арттыруға бағытталған.

Жиын қорытындысында қатысушылар білім беру ұйымдарында еңбек қатынастарының заңнамаға сәйкес ұйымдастырылуын қамтамасыз ету – басшылардың басты міндеттерінің бірі екеніне тоқталып, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.