«Жол көлік колледжі» білім беру ұйымында ерекше форматтағы танымдық іс-шара өтті. Кездесудің басты спикері ретінде «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Ерлан Жандарбеков қатысып, колледж студенттерімен бүгінгі жастар мен кәсіподақ қозғалысы арасындағы байланысты талқылады.

Іс-шараның басты мақсаты – студенттерді кәсіподақ ұйымдарының қызметімен таныстырып, олардың жастар үшін атқаратын рөлі мен мүмкіндіктерін көрсету. Сонымен қатар, болашақ мамандардың құқықтық сауаттылықты арттыру, кәсіподақтардың қазіргі қоғамдағы, әсіресе еңбек нарығына жаңадан қадам басатын жас мамандар үшін қаншалықты маңызды әрі өзекті екендігін нақты мысалдар арқылы түсіндіру болды.
Кездесу барысында «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының маңызы тек құқық қорғаумен ғана шектелмейтінін, сонымен қатар жастардың бастамаларын қолдап, идеяларын жүзеге асыруға қолайлы орта екенін атап өтті. Ол қазіргі жастарды тек болашақ кәсіби мамандар ретінде ғана емес, бүгінгі күннің белсенді азаматтары ретінде де қарау қажеттігін ерекше айтты.

«Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Кәсіподақтар – олардың құқықтарын қорғап қана қоймай, бағыт-бағдар беріп, өз мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайтын сенімді платформалар. Мұндай кездесулер өзара тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен жобаларды талқылауға жол ашады», – деді ол.
Сонымен қатар, Ерлан Жандарбеков кәсіподақтың әрбір жасқа әлеуметтік қолдау көрсетіп, еңбек жолындағы алғашқы сенімді серік екенін баса айтты. «Қазіргі таңда елімізге белсенді, саналы, құқықтық сауатты жастар қажет. Сондықтан кәсіподақ ұйымдарының мұндай кездесулері өте маңызды, себебі олар жастарды біріктіріп, олардың әлеуетін арттырады», – деп толықтырды ол.

Өз кезегінде студенттер тарапынан да белсенділік жоғары болды. Олар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды, әрі кәсіподақ қозғалысына қызығушылық танытты.
Осындай іс-шаралар жастарға өз құқықтарын біліп, кәсіподақтар арқылы оларды қорғау жолдарын үйренуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл кездесу болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына, әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық белсенділігін арттыруға жасалған маңызды қадам болды.
 
					
					
					
				