«KASIPODAQ RUN 2025»: Астанадағы ҚРКФ ынтымақтастық жүгірісіне мыңнан астам адам қатысты

Жексенбі, 5 қазан күні елордадағы Триатлон саябағында республикалық спорттық акция — «KASIPODAQ RUN 2025» атты ынтымақтастық жүгірісі өтті. «Келешекке бірге жүгірейік» ұранымен ұйымдастырылған бұл шара Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Астана триатлон федерациясының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылды. Аталған жоба еліміздің барлық өңірлерінде өткен спорттық акциялардың қорытындысы болды. Биылғы Ынтымақтастық жүгірісі еліміздегі кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына, ҚР Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арналды.

Қатысушылардың дайындығы мен жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырушылар бірнеше қашықтық түрін ұсынды. Атап айтқанда, балалар үшін — 400 және 1000 метр қашықтық, «президенттік миля» — 1,6 шақырым, көпшілікке арналған қашықтық — 5 шақырым және тәжірибелі жүгірушілерге арналған — 10 шақырым.

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин мұндай қоғамдық маңызы бар спорттық бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

«Бүгін біз Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына арналған Ынтымақтастық жүгірісін өткізіп отырмыз.

120 жыл — бұл тарих. Бұл Еңбек адамының тарихы. Бұл — әділдік пен адамдық қадір-қасиетті қорғау жолындағы күрестің тарихы. Бүгін біз осы жолды жалғастыру мақсатында жиналдық және оны бірлесе жалғастыруға ниеттіміз. Бүгінгі жүгірісімізді біз жұмысшы мамандық иелеріне арнап отырмыз. Осы арқылы ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Еңбек адамдарына деген құрметімізді білдіреміз. Бүгін біз әділетті әрі гүлденген Қазақстан үшін жүгіріп келеміз. Жүгіріс қайырымдылық сипатқа ие болғандықтан, әрбір қатысушы игі іске өз үлесін қосуда. Шара аясында жиналған қаражат аз қамтылған отбасылар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға бағытталатын болады. Аталған жүгіріс еліміздегі ынтымақ, бірлік пен достықтың айшықты көрінісі болды», — деп атап өтті Сатыбалды Даулеталин.

Айта кету керек, «KASIPODAQ RUN 2025» атты ынтымақтастық жүгірістерінің легі 27 қыркүйекте Павлодар, Көкшетау және Шымкент қалаларында бастау алды. Қазан айының басында аталмыш шара Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қостанай және Талдықорған қалаларында жалғасын тапты. Әр өңірде өткен жүгірістерге Астанадағыдай түрлі салалардағы кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Жалпы ел көлемінде «KASIPODAQ RUN 2025» жүгірісіне 3000-нан астам адам қатысты.

Астанада өткен финалдық кезеңге 1000-нан астам қатысушы жиналып, салауатты өмір салтын және әлеуметтік бастамаларды қолдауға өз үлесін қосты.  Шараға «Кызмет» салалық кәсіподағының, атом өнеркәсібі, мұнай және көлік салаларының, сондай-ақ білім беру саласының өкілдері белсене қатысып, Еңбек адамына деген құрметтің жарқын үлгісін көрсетті.

Жарыс басталар алдында қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылығымен жүздесіп, өзекті мәселелерді талқылау мүмкіндігіне ие болды. «BI Group» компаниясының 23 жастағы инженері Руслан Абдыкаримов Федерация төрағасы Сатыбалды Даулеталинге кәсіподақ ұйымын құруға ниетті екенін жеткізді.

«Кәсіподақ – белсенді қауымдастық. Сіздермен пікір алмасқаннан кейін, оның ең басты мақсаты – еңбек адамдарын қорғау екенін түсіндім», – деді еңбек жастарының өкілі.

Сатыбалды Даулеталин бұл бастаманы қолдап, Федерация жас белсендіге қажетті кеңес беруге және қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Елордадағы спорттық шара ерекше жылы әрі достық атмосферада өтті. Қатысушылар жарыстың өзінен бөлек, бір-біріне рухани демеу көрсетіп, бірлік пен ынтымақтың маңыздылығын айқын аңғартты.

Айта кету керек, «KASIPODAQ RUN 2025» шарасы халықаралық деңгейге көтеріліп, спорт сүйер жандар Ресейдің Новосибирск қаласынан арнайы Астанаға аттанды.

Олардың бірі – Олеся Вернигор шараға қатысты әсерімен бөлісті.

«Біз үшеуміз келдік. Астанадағы ауа райы тамаша, ұйымдастыру жоғары деңгейде, жол да керемет. Ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін. Мұндай ауқымды іс-шара кәсіподақтардың күш-қуатын көрсетеді. Новосибирск осы тәжірибеден үлгі алуы тиіс», – деді ол.

Елордадағы жүгіріске еліміздің әр өңірінен отбасы болып келгендер көп болды.

5 шақырымдық қашықтықта өз жас санатында жеңіске жеткен – 72 жастағы көмір өнеркәсібі ардагері Еслям Муслимов Қарағандыдан балаларымен және немерелерімен бірге келді.

«40 жыл Тентек кенішінде еңбек еттім. Өмір бойы кәсіподақ мүшесімін. Сондықтан бұл Ынтымақтастық жүгірісін өткізіп алу мүмкін емес еді. Бұл менің өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуім. Немерелерім Шыңғысхан мен Төре де өз дистанцияларында жүгіріп жатыр. Федерацияға осындай мүмкіндік бергені үшін ризамын», – деді ардагер кенші.

Павлодар кезеңінің жеңімпаздары да өздерінің қашықтықтарында белсенділік танытып, жүлделі орындарға ие болды.

Павлодар облысының «Жас Дарын» мектебінің мұғалімі Майса Ескендірова, 50 жасқа дейінгі жас санатында бірінші орын алып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Спорт – мәңгілік қозғалыс. Мен шаңғы жарысы бойынша спорт шеберлігіне үміткермін. Павлодарда екінші, Астанада бірінші орын алдым. Федерацияның қолдауымен жетістіктерім артып келеді. Баршаңызды кәсіподақта және спортта белсенді болуға шақырамын», – деді Майса Ескендірова.

Ең үлкен жастағы қатысушы – еңбек ардагері, тыл еңбеккері Салиха Зигангерова болды. Ол Щучинск қаласынан келді. Биыл желтоқсанда 92 жасқа толады. Соңғы үш жылда жаттықтырушы Балғабай Күлпейісовтің жетекшілігімен дайындалған ол бүгін «президенттік миля» (1,6 км) қашықтығын бағындырды.

«Мамандық бойынша мен мал шаруашылығына арналған ғимараттардың жобалаушысымын. Спортпен ерте айналыса бастадым, ал үш жыл бұрын өз бапкерім пайда болды. Ол маған жүгіріс жайлы айтып, қатысуға шақырды. Қашықтықты сәтті бағындырғаныма өте қуаныштымын. Кәсіподақтар бізге шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлады» , — деп бөлісті Салиха Ханиқызы.

Рух күші мен егде жастағы ардагердің еңбек жолына деген құрмет ретінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин Салиха Зигангероваға кәсіподақтың «Щучинский» шипажайына жолдама табыстады.

Сонымен қатар, шамамен 200 бала 400 және 1000 метрлік қашықтыққа жүгіріске қатысты.

4 жасар егіздер Арлан мен Арнұр өздерінің алғашқы 400 метрін жүгіріп өтті. Оларды осында анасы – «Қызмет» салалық кәсіподағының мүшесі Анар Мұрзабаева алып келді, ол өзі де 5 шақырымдық қашықтықты жүгірген болатын.

«Кәсіподақтар федерациясына балаларға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын. Бүгін менің балаларым өміріндегі алғашқы марафондарын жүгіріп өтті. Кәсіподақтармен бірге Қазақстанның жарқын болашағын бірге қалыптастырайық», – деді Анар Мұрзабаева.

1,6 км қашықтықта Артур Темірәлиев, 5 км-де Арман Тұрсынов, 10 км-де Жасұлан Дәулетбеков жеңімпаз атанды.

«Бұл жүгіріс әртүрлі мамандықтағы және жас ерекшеліктегі адамдарды біріктіріп, салауатты өмір салтын қолдауға және кәсіподақтар тек еңбек құқықтарын қорғауға ғана емес, адамдардың өмір сүру сапасын да жақсартуға атсаласып жатқанын іс жүзінде дәлелдеді. Жеңістерімізге қуаныштымыз, — деді жеңімпаздар.

Финишке жеткен барлық қатысушыларға естелік медальдар табысталып, спорт құралдарынан бастап сауықтыру жолдамаларына дейінгі бағалы сыйлықтар ойнатылды. Марафонның осындай соңы қатысушыларды ынталандырып, жағымды ісер қалдырды.

Айта кету керек, экологияға да ерекше көңіл бөлінді. Жүгірістің соңында қатысушылар мен ұйымдастырушылар «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, Астанадағы Триатлон саябағын тазартты.

Дәстүр бойынша, жыл сайын өтетін ынтымақтастық жүгірісі келесі жылы да жалғасатынына сенім білдіреміз.

ҚРКФ  кәсіподақтық коммуникация орталығы