Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған биылғы атаулы белес «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Қазақстан Кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының құрылғанына 35 жыл толуына орай Атырау қаласындағы Абай орталығында салтанатты жиын өтті.

10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күні. Атаулы дата Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы Қаулысына сәйкес ресми мереке ретінде атап өтіліп келеді. Қазақстанның кәсіподақтары – елдегі тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік еңбек қатынастарының базалық негізін қалыптастырушы беделді құрылым. Еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы – жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасында басты медиатор, қоғамдағы ірі және қуатты азаматтық институттардың бірі. Бұл күн еңбекте оза шапқандарды ұлықтап, қауіпсіздік пен тәртіп талаптарын қатаң сақтау дағдысынан айнымаған жұмысшы-қызметкерлерді қошеметтеп, ерен ерлігімен танылған жандарды құрметтеп, мәртебесін биіктетіп, мерейін өсірер сәт.

Жиынға қатысушылар алдымен атаулы датаға байланыты арнайы дайындалған, кәсіподақтар қозғалысының құрылу, қалыптасу және даму тарихынан сыр шертетін фото көрмені тамашалады. Салтанатты шараның шымылдығы Қазақстан Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің құттықтау бейнежазбасымен ашылды. Атаулы күнге және қос мерекеге орай жиылғандар алдында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев баяндама жасады.

Саналы ғұмырының біраз бөлігін кәсіподақ саласына арнаған бір топ ардагерге сыйлықтар ұсынылды.


Салтанатты жиын одан әрі кәсіподақ белсенділерін ұлықтау шараларына ұласты. Алғашқы болып ұзақ жылдар бойы Гурьев балық құтыкомбинатында консерві цехының өңідеушісі қызметін атқарған сала майталманы Күләш Разканова «Кәсіподақ ардагері» төс белгісімен марапатталды. Келесі кезекте «Қазақстан Республикасындағы Кәсіподақтар қозғалысына – 120 жыл» мерейтойлық медальдары иелерне табысталды. Олардың қатарында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Жұмазия Есімова, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Қашкенова, Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Салтанат Рахимова сынды көшбасшылардың есімдері аталды.

Бұдан соң кәсіби мереке иелерінің бір тобы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды. Сонымен қатар қоғамдық ұйым жұмысының жанданып, алға басуына елеулі үлесін қосып жүрген кәсіподақ белседілеріне Атырау облысы әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Одан бөлек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, салалық кәсіподақ жетекшісі Майра Кашкенова сөз сөйлеп, шара қонақтары мен кәсіподақ ардагерлерін, көшбасшыларын атаулы күнмен құттықтап, игі тілектерін жолдаған олар да кәсіподақ белсенділеріне Алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табыс етті.

Мерекелік шараға қатысушылар Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның Мұрагер ансамблінің өнерін тамашалады.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі, баспасөз қызметі
 
					
					
					
				