Қызметкердің құқығы қорғалды

Қостанай қаласында ПИТК қызметкері Бектемиров Г.В. заңсыз жұмыстан босатылғаннан кейін, өз құқығын қорғау мақсатында Қостанай облыстық Кәсіподақтар орталығының Заң клиникасына жүгінген болатын.

Мәселе бойынша Заң клиникасының мамандары істі жан-жақты зерделеп, құқықтық ұстаным әзірледі және қызметкердің мүддесін сотта қорғады. Процесс барысында Кәсіподақтар орталығы мен Еңбек инспекциясының өкілдері жұмыстан босату және аттестациялау рәсімінде бірқатар заң бұзушылықтардың болғанын анықтап, қызметкердің талабын қолдады.

Істі қараған Қостанай қалалық соты кәсіподақ өкілдері ұсынған дәлелдермен келісе отырып, келесі шешімді қабылдады: жұмыстан босату заңсыз деп танылды; қызметкер Бектемиров Г.В. бұрынғы қызметіне қайта қалпына келтірілді; жұмыс берушіден 900 000 теңге мөлшерінде мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін еңбекақы өндіріп алынды; сондай-ақ қызметкердің пайдасына моральдық зиян өтемақысы тағайындалды.

Бұл шешім еңбек заңнамасының сақталуы мен қызметкерлердің құқықтарының қорғалуында кәсіподақтардың маңызды рөл атқаратынын тағы бір мәрте көрсетті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Заң клиникасы еңбек даулары кезінде азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетіп, олардың заңды мүдделерін қорғауға атсалысып келеді. Осындай істер арқылы кәсіподақтар жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы әділ қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етуде.