Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – қоғамдағы барлық әлеуметтік топтарға қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып жүрген жандарға деген ерекше құрметтің белгісі.

Әлеуметтік қорғау жүйесі – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Қоғамның әлжуаз топтарын қолдау, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету, балалар мен қарттарға қамқорлық таныту – осы саланың басты міндеті. Бұл жолда еңбек ететін мамандардың әр күні жауапкершілік пен мейірімге толы. Олардың еңбегі адам жанына жылу сыйлайтын, рухани биік құндылыққа негізделген қызмет.
Осы мереке қарсаңында Төлеби ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің “18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың күндізгі қатынау орталығына” арнайы келген «Қызмет» салалық кәсіподағы Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева әлеуметтік салада абыроймен еңбек етіп жүрген қызметкерлерге құрмет көрсетті.
Сала мамандарының еңбегін жоғары бағалаған төрайым бірнеше қызметкерді облыстық комитеттің «Еңбек озаты» төсбелгісімен және Алғыс хаттармен марапаттады.

Құттықтау сөзінде ол «Әлеуметтік салада еңбек ету тек кәсіби шеберлікті ғана емес, үлкен жүрек пен шынайы жанашырлықты қажет етеді. Сіздердің еңбектеріңіз адамдарға үміт пен сенім сыйлап, қоғамда ізгілік пен мейірімнің орнауына ықпал етуде. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін» – деді.


Мекеме басшысы Алия Рысбекова да ұжым мүшелеріне алғысын білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Ол өз сөзінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі айрықша екенін атап өтті: «Біздің мамандар күн сайын адамдардың тағдырымен жұмыс істейді. Әрбір бала мен отбасыға қамқорлық көрсету – үлкен жауапкершілік. Сол себепті әріптестеріме алғысымды білдіремін» – деді ол.

Мерекелік кездесу жылы ықылас пен құрметке толы жағдайда өтті. Бұл шара әлеуметтік сала қызметкерлеріне деген қоғамның ризашылығын білдіріп, олардың еңбегіне деген зор сенім мен құрметті айқындай түсті.
