Бүгін, 29 қазан күні, Маңғыстау облыстық Кәсіподақтар орталығының ғимаратында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Үздік әлеуметтік әріптес» медальдарын салтанатты табыстау рәсімі өтті.

«YNTYMAQ» кәсіпкерлер қызметкерлерінің салалық кәсіби одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шаимов Тулеген Менсеитович аталған медальдарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Баулыбаев Нұралы Сабенұлына, сондай-ақ «ТрубРемЦентр» ЖШС-нің бас директоры Ибраимов Талант Қанатұлына табыстады.
Бұл марапат әлеуметтік әріптестікті дамытуға, жұмыс берушілер, қызметкерлер мен кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ еңбек қатынастары мен еңбек жағдайларын жетілдіруге қосқан айрықша жеке үлес үшін беріледі.
Баулыбаев Нұралы Сабенұлы 2005 жылдан бері еңбек қатынастарын реттеу саласында табысты еңбек етіп келеді. Ол өз саласында жоғары білікті маман және жауапты басшы ретінде танылған. 18 жылдан астам уақыт бойы еңбек заңнамасы мен еңбекті қорғау саласындағы терең білімін тәжірибемен ұштастырып келеді. Оның басшылығымен еңбек даулары мен келіспеушіліктерді реттеу, татуластыру комиссиялары мен еңбек төреліктерінің жұмысына қатысу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Баулыбаев Нұралы Сабенұлының кәсібилігі мен бастамашылдығының арқасында «YNTYMAQ» кәсіпкерлер қызметкерлерінің салалық кәсіби одағымен және Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығымен тығыз әріптестік байланыс орнатылып, өңірдегі әлеуметтік диалог пен конструктивті ынтымақтастықтың дамуына елеулі үлес қосылды.
Ибраимов Талант Қанатұлы, «ТрубРемЦентр» ЖШС-нің бас директоры ретінде, тиімді басшылық пен еңбек ұжымына деген әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. «ТрубРемЦентр» ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ ұйымы «YNTYMAQ» кәсіпкерлер қызметкерлерінің салалық кәсіби одағы» РҚБ-ның мүшелік ұйымы болып табылады.
2024 жылы «ТрубРемЦентр» ЖШС республикалық «Парыз» байқауында «Ең үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы әлеуметтік әріптестіктің жоғары деңгейін және тиімді еңбек қатынастарын дәлелдеді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы және «YNTYMAQ» кәсіпкерлер қызметкерлерінің салалық кәсіби одағы Баулыбаев Нұралы Сабенұлы мен Ибраимов Талант Қанатұлын лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтайды және олардың әлеуметтік әріптестікті дамытуға, еңбек татулығы мен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан зор үлестеріне ризашылығын білдіреді.
