Кәсіподақ мүшелері марапатталды

Жуырда Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Түркістан музыкалық-драма театры» МКҚК-да театр әкімшілігі мен театрдың бастауыш кәсіподақ ұйымы бірлесіп Республика күніне орай мерекелік іс-шара өткізді.


Салтанатты жиынның шымылдығын балет труппасының мың бұралған бишілері ашып, әсем биімен көпшіліктің көңілін тербетті. Әрбір қимылы мерекелік көңіл-күйді одан сайын арттыра түсті.
Кеш барысында сөз алған театр директоры, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан және театрдың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Индира Ибраева сахна төрінен жылы лебіздерін білдіріп, ұжымды қос мерекемен құттықтады.


Олар өз сөздерінде Республика күнінің ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігіміздің айқын нышаны екенін, ал театр ұжымының – өнер арқылы халықтың рухын көтеріп, ел дамуына үлес қосып жүрген шығармашыл жандар екенін ерекше атап өтті.
Мерекелік шара барысында өнер ордасының бірқатар қызметкерлері ерен еңбектері мен кәсібіне деген адалдығы үшін Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының, сондай-ақ «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар театр кәсіподағы тарапынан үздіктерге ақшалай сыйақы табыс етілді.

Айта кету керек, бүгінде театр ұжымының 90 пайызы – кәсіподақ мүшелері. Бұл ұйым ұжымның шынайы тірегіне айналған. Жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы 2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қол қойып, әрбір қызметкердің еңбек құқығын қорғауды басты мақсат етіп отыр.
Кәсіподақ мүшелерінің еңбекақысының әділ төленуін, еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақыларының уақытылы берілуін тұрақты түрде бақылап отырады. Сондай-ақ материалдық көмек пен еңбегіне қарай марапаттар тағайындау дәстүрге айналған.


Ұйым ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқаруда. Шипажайда демалғысы келген қызметкерлерге жолдама құнының 50 пайызы кәсіподақ есебінен өтеледі. Ал зейнетке шыққан ардагерлер мен мерейтой иелері де әрдайым назарда.


Мұның бәрі театр қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасын арттырып, шығармашылық шабытын шалқытады. Кәсіподақ ұйымының басты мақсаты да – әр қызметкердің еңбегін бағалау, өз ісіне деген мақтаныш сезімін ояту және ұжымда бірлік пен сыйластықтың алтын жібін сақтау.
Осылайша, Түркістан музыкалық-драма театрының ұжымы тағы бір мәрте өнер мен ұйымшылдықтың, еңбек пен еңбекті құрметтеудің айқын үлгісін көрсетті.