Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің алпыс жылдығына арналған «Самғаған сан қыранды алтын ұя» салтанатты шарасына қатысты.
Айтулы шара ардагерлер мен ұстаздардың, түлектердің, колледж серіктестерінің, білім саласы өкілдерінің қатысуымен өтті.
Білім ғимаратында аға буын ардагерлер мен ұстаздар сағыныса қауышып, өткен жылдардың естеліктерін ортаға салды.

Салтанатты шарада Ақтөбе облысы әкімінің орындасары Ғалымжан Елеуов өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, жиналғандарды мерейтоймен құттықтады.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова колледж ұжымын мерейтоймен құттықтады. Кәсіподақ көшбасшысы білім саласына сіңірген еңбектері үшін кәсіподақ мүшелеріне ұйым атынан бір миллион бес жүз мың теңгелік сертификатты табыс етті. Сонымен қатар колледж директоры Жеңісгүл Мұхамбетпаизова “Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталды.

Басқосу барысында білім мекемесінің тарихы мен ұстаздардың өткен өмірінің естеліктерінен сыр шерткен туынды көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар білім беру мекемесінің бірқатар үздіктері түрлі марараттарға ие болды.
Мерекелік шараға қатысқан меймандар ізгі тілектерін білдіріп, колледж қызметкерлерінің еңбектеріне жеміс тіледі.

Айта кетейік, мерейтой аясында колледждің материалдық-техникалық базасымен танысу, «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту: тәжірибе, болашақ және халықаралық ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, кәсіби шеберлік сағаттары, сондай-ақ колледж ғимаратын аралау және мамандардың шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
