ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аймақтық инспекциясының бастауыш кәсіподақ ұйымында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша семинар өтті.

Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы, табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлері кәсіподағы» жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев, сондай-ақ облыстық инспекция қызметкерлері қатысты.
Семинардың басты мақсаты – еңбек ұжымдарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және өндірістік жарақаттардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру болды.

Семинар барысында Айдар Бахтыбаев сөз алып, еңбек қауіпсіздігі – тек заң талабы ғана емес, адам өмірін қорғаудың басты тетігі екенін атап өтті. Ол сондай-ақ еңбек қорғау жүйесін жетілдіруде кәсіподақтардың атқарып отырған рөліне тоқталып, еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту бағытында жүргізіліп жатқан шаралар жөнінде әңгімелеп, «Қызметкердің денсаулығы мен қауіпсіздігі – кез келген мекеменің басты құндылығы. Сондықтан әр ұжымда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді.

Ал Сапарғали Шолданбаев өз кезегінде еңбек қауіпсіздігін сақтау – тек басшылықтың емес, әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Ол ауыл және орман шаруашылығы саласындағы еңбек жағдайларының ерекшеліктеріне тоқталып, қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау қажеттігін еске салды.
«Еңбек қорғау ережелерін білу – жеткіліксіз, оны күнделікті тәжірибеде ұстану маңызды. Бұл өзіңнің де, әріптестеріңнің де өміріне жауапкершілікпен қараудың көрінісі», – деді Сапарғали Шолданбаев.

Бұдан басқа семинар қатысушылары еңбек заңнамасындағы жаңалықтармен танысып, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша тәжірибелік мысалдар келтірді. Сонымен қатар, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу жолдары, қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушылар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолдарын талқылап, мұндай шаралардың ұжымдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға оң әсер ететініне тоқталды.
