Бес жыл бұрын қабылданған «Өзбекстан кәсіподақтары күні туралы» заңға сәйкес, жыл сайын 11 қарашада Өзбекстанда Кәсіподақтар күні аталып өтеді. Биыл бұл күн ерекше мәнге ие – елдегі кәсіподақ қозғалысының негізі қаланғанына 120 жыл толып отыр.

Ташкент қаласында мерейтой аясында Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы жетекшілерінің кездесуі өтті. Іс-шараға ұйымның Бас хатшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты. Кездесу барысында Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары Төрағалар кеңесінің алдағы отырысының күн тәртібін, ТМКҰ қызмет жоспары мен 2026 жылға арналған қаржы жоспарын талқылады.
Отырыстың қорытындысы бойынша ТМКҰ саммитіне дайындық жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының мүшелері 26 қарашада Астана қаласында жиналмақ.

Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері Өзбекстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысты.
Іс-шараны ашқан Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Қудратилла Рафиков қатысушыларды Кәсіподақтар күнімен және кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Өз сөзінде ол «Күшті кәсіподақтар – мықты қоғамның негізі» қағидасының өзектілігін ерекше атап өтті.
«Бүгінде кәсіподақтар – жай ғана ұйым емес, халықтың тірегі, Еңбек адамдарының қорғаушысы, адамдық қадір-қасиетті дәріптейтін күш. 120 жылдық жол – бұл еңбек пен бірліктің, халықпен ынтымақтың жолы. Жаңа Өзбекстанда кәсіподақтар осы игі дәстүрді жалғастырып, ел мен халық игілігі жолында қызмет етуде», – деді Кудратилла Рафиков.
Іс-шара барысында Өзбекстан кәсіподақ ұйымдарының өкілдеріне мемлекеттік наградалар салтанатты түрде табыс етілді.
