Атырауда салалық кәсіподақ филиалының жаңа төрағасы сайланды

Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының кезектен тыс есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Конференция барысында филиал төрағасы Еділ Ұзақбай делегаттар алдында облыстық филиалдың атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, қатысушылар тарапынан қанағаттанарлық деп бағаланды. Өз өтініші бойынша Еділ Сарсенғалиұлының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Жиынға Астанадан арнайы келген «Қызмет» салалық кәсіподағының тексеру комиссиясының төрағасы О.Капарова республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Мирболат Жақыповтың атынан филиал төрағалығына ұсынылған үміткер Гүлмира Шәкірованың өмірбаянын таныстырды. Ашық дауыс беру нәтижесінде Гүлмира Мүсілімқызы Шәкірова Атырау облыстық филиалының жаңа төрағасы болып сайланды.

Гүлмира Шәкірова мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған. Ол бұған дейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, Атырау қаласы әкімінің орынбасары, сондай-ақ Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы қызметтерін атқарған.

Конференция делегаттары жаңа төрағаға алдағы жауапты қызметінде табыс тілеп, салалық кәсіподақ ұйымының дамуына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Еділ Сарсенғалиұлына кәсіподақ қозғалысының өркендеуіне қосқан еңбегі үшін ризашылық білдірілді.