«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бақтыбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аймақтық инспекциясының бастауыш кәсіподақ ұйымында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты – сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, кәсіподақ мүшелерінің өзекті сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, оларды шешудің тиімді жолдарын бірлесе қарастыру болды.

Қабылдау барысында қатысушылар еңбекақы төлеу, еңбек шарттарын сақтау, жұмыс орнындағы қауіпсіздік пен әлеуметтік кепілдіктер мәселелерін ортаға салды.
Өз кезегінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бақтыбаев кәсіподақтың басты миссиясы – еңбек адамының құқықтарын қорғау мен әділ еңбек қатынастарын қалыптастыру екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол қызметкерлердің барлық ұсыныстары мен өтініштері назардан тыс қалмай, тиісті деңгейде қарастырылатынын жеткізді.
«Кәсіподақ – әрбір еңбеккердің сенімді тірегі. Біз үшін ең бастысы – адамның еңбегі лайықты бағаланып, әлеуметтік әділдік орнауы. Сол бағытта әрбір қоғамдық қабылдау нақты нәтижеге бағытталады», – деді Айдар Бақтыбаев.

Сонымен қатар, ол кәсіподақ мүшелеріне жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау мақсатында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» жанынан құрылған «Татуластыру орталығы» кәсіби медиаторларының тегін құқықтық кеңесіне жүгінуге болатынын айтты.
Мұндай қоғамдық қабылдаулар алдағы уақытта да Түркістан облысының түрлі салаларында жалғасын табады. Бұл өз кезегінде кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарының өзара байланысын нығайтып, жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етпек.
