Алматыда Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріндегі білім беру саласының қызметкерлерінің әлеуметтік ынтымақтастығын дамыту, кәсіподақ қозғалысының тиімділігін арттыру және еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған екі күндік халықаралық семинар өтті. Семинар Халықаралық еңбек ұйымының ұйымдастыруымен және Қазақстанның оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының бірлескен қолдауымен өткізілді.
Семинарға Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Армения және Өзбекстаннан білім беру саласы кәсіподақтарының өкілдері қатысты.

Семинар бағдарламасы ХЕҰ-ның тиісті конвенцияларын ратификациялау және жүзеге асырудың негізгі аспектілерін, сондай-ақ кәсіподақтардың жастарды тартудағы және кәсіподақ әлеуетін күшейтудегі рөлін қарастыруды қамтыды.

ХЕҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азия секторының жетекшісі Сергеюс Гловацкас және Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы төрайымы Айгүл Мұқашева сөз сөйлеп, семинардың маңыздылығын атап өтті.
Сергеюс Гловацкас өз баяндамасында «Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы ХЕҰ саясаты. Жаңа халықаралық еңбек нормалары. ХЕҰ №192 конвенциясы» тақырыбын қарастырды.
Ол №192 конвенциясының жұмыс орындарындағы биологиялық қауіптер мәселесін реттейтін негізгі құрал екенін, әсіресе білім беру саласында қызметкерлердің денсаулығын қорғаудағы рөлін ерекше атап өтті. Сергеюс Гловацкас конвенцияны жүзеге асыру арқылы биологиялық тәуекелдер өсіп келе жатқан жағдайда қызметкерлердің денсаулығын қорғаудың тиімді тетігі құрылатынын жеткізді. Сонымен қатар, кәсіподақтардың халықаралық еңбек стандарттарын ұлттық деңгейде ілгерілету жолындағы шешуші рөлін атап өтті.
«Еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясат аясында жаңа ХЕҰ №192 конвенциясын насихаттау және қолдану перспективалары» тақырыбында Республикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры Ляззат Ақтаева баяндама жасады. Ол конвенцияны ратификациялау мен енгізудің ұлттық еңбек қауіпсіздігі жүйесін жетілдіруге, тәуекелдерді басқаруда алдын алу шараларын күшейтуге және өндірісте қауіпсіздік мәдениетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Арнайы назар халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға бейімдеу, еңбекті қорғау саласы мамандарының кадрлық әлеуетін дамыту және конвенцияны іске асыруда әлеуметтік серіктестердің рөліне аударылды. Ляззат Ақтаева конвенцияны ратификациялау қызметкерлердің денсаулығын нығайтып, кәсіби аурулардың алдын алуға және кәсіпорындардың биологиялық қауіптерге төзімділігін арттыруға септігін тигізетінін айтты.

Семинар жұмысы қатысушылардың баяндама жасауымен жалғасты.
Қазақстандық салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева «Пандемияларға жаһандық дайындық: ХЕҰ №192 Конвенциясы аясында жұмыс орындарындағы биологиялық қауіптерді басқарудың кешенді тәсілі» тақырыбында баяндама жасады. Ол COVID-19 пандемиясының Қазақстан мен бүкіл әлем үшін үлкен сынақ болғанын, бұл еңбек қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін көрсетті. Айгүл Мұқашева №192 конвенциясын ратификациялау мен іске асыру Қазақстан үшін ұлттық еңбек қауіпсіздігі жүйесін нығайтуға, биологиялық тәуекелдерге төзімділікті арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.

Қырғызстанның Баткен облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Завиридин Бөтөков білім беру мекемелерінде биологиялық қауіпті факторлардан қорғау және алдын алу шаралары туралы баяндама жасады. Ол Қырғызстандағы педагогтар мен оқушылардың денсаулығын қорғауға арналған шараларды енгізу тәжірибесімен бөлісті және кәсіподақтардың мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесуінің маңызды екенін атап өтті.

Тәжікстанның білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Зулхия Нозакзода ХЕҰ №192 конвенциясының қызметкерлерді биологиялық тәуекелдерден қорғау жолындағы халықаралық маңызды құжат екенін айтты. Ол мұндай қауіптер әсіресе білім беру және ғылым саласын, қаржыландырудың шектеулі, оқу орындарының тығыздығы жоғары және санитарлық бақылау жеткіліксіз жағдайда қатты әсер ететінін атап өтті. Зулхия Нозакзода мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар бірлесіп әрекет етуі керектігін, халықаралық стандарттарды енгізуде бұл ынтымақтастықтың шешуші екенін айтты. «Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау – бұл еңбек адамын құрметтеу мен мемлекеттің азаматтарына деген жауапкершілігінің белгісі», – деп түйіндеді ол.
Моңғолия білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Федерация мүшесі, Ұлан-Батырдағы №113 мектеп кәсіподақ комитетінің мүшесі Энхтулга Мөнхцэцэг Монголиядағы №192 конвенциясын жүзеге асырудағы жағдай мен мәселелерді баяндады.
Өзбекстан білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының республикалық кеңесі атынан Алия Измайлова «Өзбекстанда ХЕҰ №192 конвенциясын ратификациялау перспективалары: білім беру жүйесі мен қызметкерлер құқығын қорғау маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Ол конвенцияны ратификациялау білім беру жүйесіне, оқу бағдарламаларын жаңартуға, еңбек қауіпсіздігі, санитария және биологиялық қауіпсіздік бойынша кадрларды дайындауға, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше маңыз беретініне тоқталды.
Семинар барысында кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды, бұл ХЕҰ бастамаларын тиімді насихаттауға және табысты тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік береді.

Әрбір баяндама ұлттық білім жүйесінің және кәсіподақ жұмысының ерекшеліктерін көрсетті, ортақ мәселелер мен басымдықтарды анықтады.
Семинар – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдері кәсіподақтарының тәжірибе алмасуы мен кәсіби байланыстарын нығайтуға арналған маңызды алаң болып, білім беру қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау тек ынтымақтастық, бірлік және диалог арқылы ғана қамтамасыз етілуін көрсетті.

Семинар жұмысы ертең жалғасады. Келесі күні «Жастар саясаты және кәсіподаққа жастарды тарту» тақырыбында арнайы сессия өтеді, онда қатысушылар жас мамандарды кәсіподақ қозғалысына тарту, жаңа буын лидерлерін дайындау және аймақтық деңгейде жастар бастамаларын дамыту механизмдерін талқылайды.
