ҚРКФ мен Қ.Сәтбаев атындағы университет еңбекті әділ цифрландыру бойынша жоба бастамақ

Алматыда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ ректоры Мейрам Бегентаев қол қойды.

Меморандум аясында цифрландыру, ғылыми зерттеулер және кәсіби әлеует пен еңбек нарығын дамыту бағыттарында ынтымақтастық жүзеге асырылмақ.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Университеттің еліміздің технологиялық және цифрлық дамуындағы маңызды рөлін атап өтіп, еңбек саласын цифрландыру бойынша бірлескен жұмыстың өзектілігін айтты.

«Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті – елдің жетекші ғылыми-техникалық орталығы. Университет ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, үлкен деректер, инженерия және киберқауіпсіздік салаларында жоғары құзыреттерге ие. Федерация мен ҚазҰТУ арасындағы әріптестік Цифрлық Қазақстан ұлттық бағдарламасының мақсаттарына және ХЕҰ-ның еңбекті әділ цифрландыру жөніндегі халықаралық принциптеріне толық сай келеді. Бұл серіктестік бізге барлық жұмысты уақтылы және дұрыс орындауға мүмкіндік береді. Біз цифрлық кәсіподақтың зертханасын құруды жоспарлап отырмыз. Мұнда қызметтер жобаланып, кадрлар даярланады, тәуекелдер талданады, шешімдер сыналады. Мұның бәрі құр сөзге емес, қызметкерлер мен кәсіподақтардың нақты қажеттіліктеріне сүйенеді. Федерация мен техникалық университет цифрлық технологиялар еңбеккерлердің қорғалуына қызмет ететін орта құрады. Университет – сараптамасын, жаңа әзірлемелерін және жастардың серпінін ұсынады. Ал кәсіподақтар – нақты жағдайларды, салалық мәселелерді және еңбек нарығының шынайы бейнесін береді. Бірлесіп біз цифрландыруды сәнді сөз емес, әділ еңбек қатынастарының тиімді құралына айналдыратын алаң жасаймыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Өз кезегінде университет ректоры Мейрам Бегентаев оқу орнында еңбек және оқу жағдайларын жақсартуда кәсіподақтың белсенді рөліне тоқталды. Оның айтуынша, кәсіподақ ЖОО қабырғасында салауатты әрі жұмысқа қолайлы ортаны дамытуда ұжым мен студенттік қоғамдастықты біріктіруге көмектеседі.

Кездесуде тараптар әлеуметтік әріптестікті дамыту, білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайларын қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлі, еңбек орындарында цифрландыру мен жасанды интеллектті қолдану мәселелерін талқылады. Сондай-ақ тұрақты даму мен климатты сақтау тақырыптарына да назар аударылды.

Университет ректоры Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинге «Алтын түлек» атағын беру жөніндегі шешімін жариялады. Ол 1984 жылы осы жоғары оқу орнын аяқтаған болатын.

Өз кезегінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестікті және кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін университет ректоры Мейрам Бегентаевқа және Алматы қаласының кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Зауреш Өмірбаеваға кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған мерейтойлық медаль тапсырды.

Іс-шара барысында құрамында ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия бөлімінің басшысы Сергеюс Гловацкас, Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева және Алматы қаласының кәсіподақ орталығының төрайымы Зауреш Өмірбаева бар ҚРКФ делегациясы National Geographic Kazakhstan аудиториясының ашылу салтанатына қатысып, университеттің заманауи аудиторияларымен, зертханаларымен және инновациялық кеңістіктерімен танысты.

Кездесу соңында тараптар халықаралық стандарттар мен ғылыми зерттеулерге негізделген еңбекті әділ цифрландырудың ұлттық моделін қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы