Астана қаласы білім беру ұйымдарының бухгалтерлеріне арналған онлайн-семинар өтті

Астана қаласында білім беру қызметкерлері Кәсіподағының ұйымдастыруымен орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, сондай-ақ арнайы және қосымша білім беру ұйымдарының бухгалтерлеріне арналған оқу-әдістемелік онлайн-семинар өтті. Іс-шараның мақсаты – бухгалтер мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, еңбек заңнамасындағы жаңашылдықтарды талқылау және қызмет барысында туындайтын өзекті мәселелерді бірлесіп қарастыру болды.

Семинар барысында Астана қаласының білім беру қызметкерлері Кәсіподағының төрағасы Батыр Алиев сөз алып, қатысушыларға білім беру саласында Еңбек кодексі мен қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарын тиімді қолдану бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы жан-жақты мәлімет берді. Ол Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан шараларға да тоқталды.

Сондай-ақ төраға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын бекіту туралы» №553 бұйрығында көрсетілген талаптарды еске салды. Атап айтқанда, құжаттың 43 және 367-тармақтарына сәйкес бас бухгалтерлер мен бухгалтерлер еңбек заңнамасын, ішкі еңбек тәртібі қағидаларын, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау нормаларын, өндірістік санитария талаптарын және өрт қауіпсіздігі ережелерін міндетті түрде білуге тиіс екені айтылды.

Семинар еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар тәжірибе барысында кездесетін түрлі жағдайларды талқылап, өз сұрақтарына толыққанды жауап алды. Іс-шара мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және еңбек процесіндегі кейбір мәселелерді шешуде бағыт-бағдар беруге ықпал етті.