18 қараша, сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Мурадил Жумадилде уулу бастаған делегация келді.

Бұл сапар – тәжірибе алмасу, еңбек құқықтарын қорғаудың заманауи тәсілдерін талдау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, кәсіподақтық коммуникацияны жетілдіру және екі елдің ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы әріптестікті нығайту бағытындағы алғашқы қадамдардың бірі.

Ресми сапар бағдарламасы ҚРКФ орталық кеңсесін аралаудан басталды.

Қонақтарға жастар коворкингі, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсетілетін Заң клиникасы, сондай-ақ оқу бөлмесі таныстырылды.

Экскурсия барысында делегация өкілдері Қазақстан кәсіподақтарының ұйым мүшелеріне көрсетілетін жүйелі қолдаумен, кәсіподақ белсенділерін оқыту мен жан-жақты қолдау жұмыстарының қалай жүргізілетінімен жақынырақ танысты.
Таныстырылымнан соң қырғызстандық әріптестер Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинмен, салалық кәсіподақ басшыларымен және ҚРКФ аппаратымен кездесу өткізді.

Қонақтарды қарсы ала отырып, Сатыбалды Дәулеталин екі ел кәсіподақтарының тарихи, кәсіби жақындығын атап өтті.
«Біз қонақжай қазақ жерінде Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының өкілдерін – бауырларымызды қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Сіздермен достық, кәсіби және стратегиялық ынтымақтастығымызды нығайту мүмкіндігіне ие болу – біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының XXVII Съезін табысты өткізулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Мен бұл маңызды шараға жеке қатысып, сіздердің қозғалыстарыңыздың кемелденгенін, реформаларға ашықтығын және еңбеккерлердің мүддесіне адалдығын айқын көрдім», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы екі елдің ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудегі осы сапардың маңызына тоқталып, 2025 жылы 10 шілдеде қол қойылған екіжақты ынтымақтастық туралы келісімді еске салды.
«Біз биылғы шілде айында меморандумға қол қойдық. Бұл — ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтудағы үлкен серпіліс. Бүгінде өзара әрекеттестігіміз ұзақ мерзімді әрі жүйелі сипатқа ие. Ол берік негізге құрылып, тәжірибе және жұмыс әдістерімен алмасуға кең мүмкіндіктер ашып отыр», – деді Қазақстан кәсіподақтарының жетекшісі.

Сатыбалды Дәулеталин бауырлас мемлекеттердің ұлттық кәсіподақ орталықтары қазіргі әлемнің үдей түскен өзгерістері жағдайында бірдей міндеттер мен ортақ сын-қатерлерге тап болып отырғанын атап өтті.
«Бүгінде біз бірдей сын-қатерлермен бетпе-бет келеміз: экономиканың цифрлық трансформациясы, жұмыспен қамтудың өзгерістері, еңбеккерлердің түрлі мәселелері және әлеуметтік диалогты күшейту қажеттілігі. Осыған байланысты Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі аясындағы өзара ынтымақтастығымыздың маңызы айрықша. Биыл Қырғызстан Орталық Азия елдеріің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық етуде. Біз өте нәтижелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бірлескен құрылымдар қалыптастырып, қызметімізді дамытудамыз, үйлестіру жұмыстарын күшейтіп жатырмыз. Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы да құрылды. Біз қазір жоғары деңгейдегі өзара әрекеттестікке шығып, жұмысты тиімді үйлестірудің жаңа мүмкіндіктерін ашудамыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне Қазақстан кәсіподақтары дамуының негізгі бағыттарын таныстырып өтті. Бүгінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы 1 млн 600 мың еңбеккерді біріктіріп, елдегі ең ірі қоғамдық ұйым мәртебесіне ие.
Халықаралық құжаттарды ратификациялау барысындағы кәсіподақтардың рөліне тоқталған Сатыбалды Дәулеталин Қазақстанның ХЕҰ-ның 26 Конвенциясын ратификациялағанын атап өтіп, еңбекақы төлеу жүйесіндегі реформалар туралы айтты.
«Жақында біз ең төменгі жалақыны белгілеуге арналған №131 Конвенцияны ратификацияладық. Бұл мақсатқа біз ұзақ жылдар бойы ұмтылып келдік және ақыры нақты нәтижеге қол жеткіздік. Өткен жылы Үкімет ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін бекітті. Соңғы төрт жылда ең төменгі жалақы екі есеге жуық өсті», – деп тілге тиек етті ҚРКФ төрағасы.

Еңбек құқықтарын қорғау тақырыбын жалғастыра отырып, Сатыбалды Дәулеталин еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне де тоқталды.
«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында 2030 жылға дейінгі жаңа Тұжырымдама қабылданды. Біз бұрынғы өтемақыға негізделген үлгіден тәуекелге бағытталған жаңа тәсілдерге көштік. Бүгінде еліміздегі кәсіпорындарда 11 мың өндірістік кеңес пен 17 мың техникалық инспектор жұмыс істейді. Біз «Халықтық бақылау» жобасын енгізіп, нөлдік жарақаттануды көздейтін «Vision Zero» тұжырымдамасын жүзеге асырып жатырмыз», – деді Сатбылады Дәулеталин.
Жүйелі өзгерістер мен заң шығару қызметінің маңызын атап өткен Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың заң шығару үдерісіндегі шешуші рөлін ерекше көрсетті. Соңғы жылдары Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы 40 заң жобасын талқылауға қатысып, ҚР Парламентінің барлық жұмыс топтарының құрамында жұмыс істеп келеді.
ҚРКФ төрағасы жастар саясаты мен гендерлік теңдікке де ерекше назар аударып, кәсіподақ қозғалысының болашағы саналатын жаңа буынның белсенді қатысуына және әйелдер үшін тең мүмкіндіктер жасаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
«Біз жастар және әйелдер құрылымдарын дамыту жұмысын жалғастырып, «Заң клиникалары» желісі арқылы құқықтық қолдауды күшейтіп келеміз. 2024 жылы 8 мыңнан астам өтініш қаралды. Кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету мақсатында арнайы заң клиникаларының желісі құрылды. Біздің бағдарламалар жастарды кәсіби байқауларға, білім беру және ағартушылық жобаларға кеңінен тартады», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сөзінің соңында Сатыбалды Даулеталин ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.
«Қадірлі бауырлар, біздің ынтымақтастығымыз – сенімге, бауырластыққа және өзара қолдауға негізделген берік одақ. Бұл – еңбек адамдарының болашағы үшін ортақ жауапкершілікті түсінуден туған қарым-қатынас. Бүгінгі кездесу әріптестігімізді одан әрі нығайтып, алдағы уақытқа арналған нақты міндеттерді айқындауға жол ашады деп сенемін», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Мурадил Жумадилде уулу бұл сапардың маңызын атап өтіп, екі елдің тарихи жақындығы мен кәсіподақ қозғалысының ортақ жолына тоқталды.

«Қазақстан мен Қырғызстанның тамыры бір. Кәсіподақ қозғалысының тарихы 120 жылдан асады. Бұл – бүгін барлық Орталық Азия елдері атап өтіп жатқан мерейтой. Тәуелсіздік кезеңіне келсек, біздің Федерацияның тарихы 35 жылды құрайды. Ал бүгінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы бүкіл өңір кәсіподақтарын біріктіретін басты қозғалыс болып отыр», – деді Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы.
Қырғызстан кәсіподақтарының қалыптасу жолындағы күрделі кезеңдерге тоқтала отырып, ол ұлттық кәсіподақтардың үлкен қиындықтардан өткенін растады.
«Бұл қиындықтар біздің демократиялық даму үдерістерімізбен тікелей байланысты болды. Енді бұл кезеңнен өткендейміз деп ойлаймын. Өрлеу де, құлдырау да болды, бірақ бүгін біз өз орнымызды анықтап, нық қадаммен алға жылжып келеміз. Қазір даму, өзін-өзі оңтайландыру кезеңіндеміз», – деді Мурадил Жумадилде уулу.
Ол қазақстандық әріптестердің, сондай-ақ ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Даулеталиннің қолдауының ерекше маңызын атады.
«Мен кәсіподақ отбасына жақында ғана қосылған адаммын. Соған қарамастан, маған бірінші болып қолдау көрсеткендердің бірі – Сатыбалды Дәулеталин. 2024 жылы мен сайланғаннан бірнеше ай өткен соң Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің аясында кездесу өтті. Осы Кеңестің тарихын зерттей келе, әр қозғалыстың өз батырлары бар екенін, алайда олардың аты ресми құжаттарға әрдайым ене бермейтінін түсіндім. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін құру бастамасын кім көтерді? Бұл – менің ағам, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин», – деді Қырғызстанның кәсіподақ жетекшісі.

Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының басшысы өңірлік әріптестіктің табысты дамуын да атап өтті.
«Бүгінде Орталық Азия елдерінің кеңесі тиімді жұмыс істеп келеді. Бұл – Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан кәсіподақтары қолдауының нәтижесі. Сатыбалды Телағысұлының қолдауының арқасында мен Халықаралық еңбек ұйымымен де жақын араласу мүмкіндігіне ие болдым. Келесі кездесуіміз Женевада өтті. Кәсіподақ – бұл шенеуніктік орта емес, мұнда кәсіподақ тілінде ойлап, сөйлей білу керек. Оның кеңестері бізге дұрыс жол таңдауға көмектесіп келеді», – деді Мурадил Жумадилде уулу.
Ол Қазақстан мен Қырғызстан кәсіподақ орталықтары арасында қол қойылған меморандумның іс жүзінде жұмыс істейтін маңызды құжатқа айналғанына ризашылығын білдірді.
«Біздің ынтымақтастығымыздың форматы мен кейінгі нақты қадамдар меморандумның тек қағаз жүзінде қалмағанын дәлелдеп отыр. Алғашқы нәтижелер бар. Біз сіздердің тәжірибелеріңізбен жан-жақты танысу үшін арнайы келдік. Қазақстан кәсіподақтары 5–6 жыл бұрын өткерген жолдан біз қазір өтіп жатырмыз. Бұл – тұтас трансформация кезеңі. Біз посткеңестік тәсілдерден цифрлық кәсіподақ моделіне көшу үстіндеміз. Ал бауырлас халықтар әрқашан бір-бірін қолдап келген, біздің жетістігіміздің маңызды бөлігі де – осы өзара қолдау», – деді Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы.
Бұдан әрі Мурадил Жумадилде уулу Қырғызстанда жүргізіліп жатқан реформаларға кеңінен тоқталды. Ол облыстық кәсіподақтардың таратылуы, басқарудағы артық құрылымдардың қысқаруы, «бастауыш ұйым – салалық комитет – федерация» жүйесінің нақты қалыптасуы, салалардың біріктірілуі және бейресми секторды да қамтитын жаңа комитеттердің құрылуы туралы баяндады. Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының басшысы бірыңғай жарна жүйесін енгізудің, басқарудағы артық буындарды жоюдың және ең маңыздысы – кәсіподақтарға деген сенімді қалпына келтірудің мәнін ерекше атап өтті.

«Ең басты мәселе – кәсіподақ мүшелерінің сенімі. Біз сол сенімді қайта орнатқымыз келеді. Сіздерде үлгі боларлық тәжірибе бар. Сіздер жастарға басымдық бересіздер. Біз де мектептер мен колледждермен жұмыс істеуді бастадық. Бұл – ертеңгі еңбек адамы. Біз кәсіподақтың мәні мен маңызын білетін жаңа буынды қалыптастыруға тиіспіз», – деді Мурадил Жумадилде уулу.

Кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан еңбегі үшін ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қырғыз әріптесі Мурадил Жумадилде уулуын ҚРКФ-ның «Кәсіподақ қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының ресми делегациясы екі күн бойы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қызметімен толық танысады. Делегация әлеуметтік әріптестікті дамыту тәжірибесінен бастап, ішкі кәсіподақтық коммуникация мен халықаралық бағыттағы жұмыстарға дейінгі барлық салалар бойынша тәжірибе алмасады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
