Ең үздік тренерлер анықталды

Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы педагог-психологтардың кәсіби дамуын қолдау мақсатында «Ең үздік тренинг» байқауын ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – тренингтік жұмыстың заманауи әрі тиімді әдістерін анықтау, оларды тәжірибеде қолдануды кеңейту, сондай-ақ педагогтар мен психологтардың кәсіби құзыреттерін арттыруға жол ашу болды.

Байқау барысында қатысушылар білім беру ұйымдарында тренинг жүргізудің өзекті бағыттарын қамтып, жас ерекшеліктеріне сай әдістемелерді ұсынды. Әр педагог-психолог өз авторлық тренингін таныстырып, аудиториямен жұмыс жүргізудің жаңа тәсілдерін, интерактивті элементтерді қолдану дағдыларын және шығармашылық шеберлігін көрсете білді.

Тренингтердің мазмұнында эмоционалды интеллект, мотивация қалыптастыру, оқушылардың қарым-қатынастық дағдыларын дамыту, ұжымдық жұмысқа бейімдеу сынды маңызды тақырыптар қамтылды.

Қазылар алқасы қатысушылардың әдістемелік деңгейін, тренингтің құрылымын, тиімділігін, тың идеялар мен жаңашыл бағыттарды ескере отырып, ең үздік авторларды анықтады. Нәтижесінде төмендегі педагог-психологтар үздік деп танылды: Айкерім Абдуалиева – «Балапан» мектепке дейінгі ұйымы; Алтыншаш Жүсіпова – «Ақбөбек» мектепке дейінгі ұйымы; Назерке Талғатқызы – «Балдырған» мектепке дейінгі ұйымы; Ақнұр Жұмағали – «Аққайың» мектепке дейінгі ұйымы; Динара Ахметалина – «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымы.

Аталған педагогтар ұсынып отырған тренингтердің сапасы, әдістемелік жаңашылдығы және қатысушылармен жұмыс жүргізудегі кәсіби шеберлігі ерекше бағаланды.

Байқау соңында барлық қатысушыларға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы атынан арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды. Бұл шара педагог-психологтардың кәсіби ынтасын арттыруға, тәжірибе алмасуға және білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын одан әрі дамытуға үлкен серпін берді.