Орал қаласында мұнай-газ саласы қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру және еңбек қатынастарын тиімді реттеу тетіктерін жетілдіру мақсатында екі күндік оқыту семинар-тренинг өткізілді. Іс-шараға Қазақстанның мұнай-газ кешені қызметкерлері салалық кәсіподағының мүшелері қатысты.

Семинардың ашылуында салалық кәсіподақ төрағасы Сұлтан Қалиев сөз сөйлеп, ҚРКФ-ның кәсіби даму бағытындағы білім беру бағдарламалары кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің құқықтық мәдениетін көтерудегі маңызды қадам екенін атап өтті.

Қатысушыларға Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Айгүл Есекенова да құттықтау сөзін арнап, 2025–2030 жылдарға арналған ҚР Кәсіподақтар федерациясының “Өзгерістер дәуіріндегі әділетті еңбек: қорғау, даму, инновациялар” стратегиясын таныстырды. Сондай-ақ ол ҚРКФ-ның XXVII съезінде қабылданған негізгі шешімдер туралы ақпарат берді.
Семинардың негізгі баяндамашысы – ITC ACTRAV Turin халықаралық тренер-фасилитаторы, еңбек қатынастары жөніндегі сарапшы, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ляззат Есжанова. Ол оқыту бағдарламасын еңбек заңнамасының қолданылуы, келісім комиссияларының қызметі, еңбек дауларын алдын алу және шешудің заманауи тәсілдері бойынша модульдік жүйеде жүргізді.

Семинар барысында еңбек және демалыс уақытын реттеу, жыл сайынғы еңбек демалыстары, сондай-ақ еңбек шартын тоқтату негіздері сияқты құқықтық аспектілер кеңінен талқыланды. Практикалық бөлімде нақты өндірістік жағдайларға негізделген кейстер қарастырылып, қатысушылар шешу жолдарын талдады.


Оқыту семинарының қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

