“Қалың қалай, бастауыш ұйым?” акциясы аясында кездесу өтті

«Қалың қалай,бастауыш ұйым ? акциясы аясында Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев «ТНК Казхром» АҚ компаниялар тобына қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауыты еңбеккерлерімен кездесті. Зауыттың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Құлдыбаев Мырзагұлмен, сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар федерациясының Гендерлік комиссия мүшесі Гүлнұр Үтеулинамен пікірлесті.


Кездесуде кәсіподақ қызметінің өзекті бағыттары, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды күшейту, техникалық еңбек инспекторларына арналған оқыту семинарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Семинар желтоқсан айының басында салалық кәсіподақ «Казметалл» және ҚРКФ қатысуымен Ақтөбе облысында өтеді деп жоспарлануда. Оған өңірдегі негізгі өндірістік компаниялардың – Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, «Восход Ориел», Донской ТМК және басқа да кәсіпорындардың өкілдері қатысады.
ҚРКФ Гендерлік комиссия мүшесі Гүлнәр Үтеулинамен гендерлік саясат мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту мақсатында дөңгелек үстелдер өткізу мүмкіндіктері де қарастырылды.


Акция барысында Алтынбек Әмірғалиев зауыт қызметкерлеріне арналған жаңартылған «Елек» демалыс базасының жұмысымен танысты. База толық жөндеуден өтіп, қызметкерлер мен олардың отбасыларының жайлы демалысына мүмкіндік беретін инфрақұрылыммен толық қамтылған. Демалыс базасында тұрғын үйлер жөнделіп, заманауи балалар алаңдары, өзен жағасындағы демалыс аймақтары, асхана, кинотеатр және басқа да нысандар іске қосылған.


Компания қызметкерлері мұнда алдын ала өтінім беру арқылы демалып, табиғат аясында белсенді уақыт өткізе алады. Қыс мезгілінде шаңғы, коньки сияқты қысқы спорт түрлері ұйымдастырылмақ.


Кәсіподақ ұйымы тек еңбек қатынастары саласын ғана емес, жұмысшылардың әлеуметтік қолдауын, ұжымдық шарттағы әлеуметтік кепілдіктердің орындалуын және қызметкерлердің жан-жақты демалысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Бұл жұмыс “Қалың қалай, бастауыш ұйым” акциясы, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатуға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған.