Манкент шипажайында кәсіподақ ұйымының жылдық есеп беру жиналысы өтті

«Манкент Шипажайы» АҚ-ның еңбек ұжымының ұйымшылдығын, бірлігін айқындайтын маңызды басқосу – бастауыш кәсіподақ ұйымының жылдық есеп беру жиналысы өтті.

Кездесу барысында бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасалып, ұжым өміріндегі өзекті әлеуметтік мәселелер ашық әңгіме өзегіне айналды. Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс жағдайының сапасын көтеру, әлеуметтік қолдау шараларын жүйелеу – кәсіподақ қызметінің басты мақсаттары ретінде кеңінен сөз болды.

Жиынға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Манкент Шипажайы» АҚ-ның директоры Хамрақұл Қорғанов, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бегзад Азизов және кәсіподақ мүшелері қатысты.

Есепті баяндамасында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бегзад Азизов кәсіподақтың жұмысы еңбек ұжымымен тығыз байланыста, өзара сенім мен ашықтық қағидаттарына сүйене отырып жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл ішінде кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асырылып, қиын жағдайға тап болған қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше мән берілген. Сонымен қатар ұжым мүшелерінің ұсыныс-пікірлері назардан тыс қалмай, ортақ шешімдер қабылдауда ескеріліп отырған.

Жиналыс барысында сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысын оң бағалап, кәсіподақтың басты күші – оның мүшелерінің бірлігі мен белсенділігінде екенін атап өтті. Ол еңбек адамының мүддесін қорғауда кәсіподақтың рөлі әрдайым жоғары болуы тиіс екенін айтып, алдағы кезеңде де бірлесе жұмыс істеудің, ұйымшылдықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ еңбек ұжымына жаңа табыстар мен сәттілік тіледі.

Өз кезегінде мекеме директоры Хамрақұл Қорғанов кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы әріптестік қарым-қатынастың оң нәтижелерін атап өтіп, мұндай өзара түсіністік ұжымдағы тұрақтылық пен еңбек сапасын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Жиналыстың әсерлі сәттерінің бірі – кәсіподақ жұмысына белсене араласып, ұжымның әлеуметтік өміріне үлес қосқан белсенді кәсіподақ мүшелерін марапаттау рәсімі болды. Еңбек адамын қадірлеу мен еңбекті бағалау – кәсіподақ қызметінің ажырамас бөлігі екені бұл сәтте айқын сезілді. Бірқатар белсенділерге ҚР Кәсіподақтар федерациясының, облыстық және салалық кәсіподақтардың төс белгісі, құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталып, олардың қоғамдық жұмысқа қосқан үлесі лайықты бағаланды. Марапаттарды Бердіғали Өмірәлі салтанатты жағдайда табыс етті.

Жиын соңында қатысушылар алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді айқындап, еңбек жағдайын одан әрі жақсарту, қызметкерлерге әлеуметтік қолдауды күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде ортақ пікірге келді. Бұл басқосу ұжымның бірлігін бекемдеп, ортақ мақсатқа жұмылдыратын тағылымды кездесу ретінде есте қалды.