Астанада Қазақстандағы әлеуметтік жауапкершілік пен әлеуметтік әріптестікті дамыту саласындағы негізгі марапаттардың бірі – «Парыз» ұлттық сыйлығының 2025 жылғы лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
Шараға ел Президенті, Парламент депутаттары және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Бұл сыйлық Қазақстанда әлеуметтік жауапкершілік, азаматтық белсенділік пен әлеуметтік әріптестікті дамытқан ұйымдар мен білім беру мекемелерін марапаттаудың беделді алаңы.

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі «Кәсіби маман» республикалық конкурсында «Кадрларды даярлау бойынша ең үздік колледж» аталымы бойынша Гран-при иеленді. Бұл жеңіс – колледждің сапалы мамандар дайындаудағы табанды еңбегінің, инновациялық оқыту әдістерін қолдануының және материалдық-техникалық базаны нығайтудағы жүйелі жұмысының айқын жемісі.
Соңғы жылдары колледждің оқу бағдарламалары өндірістік талаптарға сай жаңартылып, заманауи жабдықтармен толықтырылды. Өңірдегі тау-кен кәсіпорындарымен тұрақты серіктестік студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға, кәсіби шеберлігін арттыруға ерекше ықпал етуде. Студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, заманауи технологияларды қолдануды үйренеді, бұл олардың еңбек нарығына дайын, бәсекеге қабілетті маман болып шығуына мүмкіндік береді.

Нәтижесінде колледж түлектері өз саласында жоғары деңгейде жұмыс істей алады, кәсіби стандарттарға сай және еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасады. Жоғары марапат – тек ұжымның еңбегінің ғана емес, сонымен қатар оқу орнының даму стратегиясының, білім беру сапасын арттырудағы ұстанымдарының нақты көрінісі.

Бұл жетістік Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің кәсіби білім беру саласында көшбасшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Колледждің табыстары жастарды сапалы білім алуға ынталандырады, өңірдің және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады, әрі кәсіби мамандардың сапалы даярлануына үлгі болып отыр.
