Өтіп бара жатқан 2025 жыл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін халықаралық аренада белсенділік пен тың бастамаларға толы болды. Осы маңызды бағыттағы іс-қимылдар туралы ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы бірқатар есептік жарияланымдар ұсынады.

15 мамырда Пекин қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің кәсіподақ жетекшілерінің «Жарқын болашақ үшін ортақ үй құру» атты кеңесі өтті. Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин басқарған делегация қатысты.
Кеңес кезінде жалпы жиналыс пен арнайы кездесулер өткізілді. Онда елдер арасындағы мәдени тәжірибе алмасу, ШЫҰ елдеріндегі кәсіподақтардың ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі, платформалық экономикадағы жұмысшылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ кәсіподақтардың цифрлық дамуы мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестіктің маңыздылығын, бірлік пен сенімнің құндылығын атап өтті. Ол кәсіподақ қызметін жаңғыртудың, әлеуметтік теңдік, климаттық жауапкершілік және әділ көшу қағидаларын қамтитын Жаңа әлеуметтік келісімнің принциптерін қалыптастыру қажет екенін жеткізді.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева елімізде платформалық жұмыспен қамтудың өсуі, Әлеуметтік кодекстің іске асуы, икемді еңбек формаларын реттеу, сондай-ақ кәсіподақ қатысуымен «Жасанды интеллект туралы» заң жобасының әзірленуі жайлы баяндады.

Өңірлік деңгейде ҚРКФ қызметкерлердің құқықтарын жасанды интеллект дәуірінде қорғау стандартын әзірлеуді ұсынды. Бұл ұсыныс әлеуметтік әріптестік пен этикалық нормаларды сақтаудың, сондай-ақ жасанды интеллектті енгізу кезінде бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Кеңестің қорытындысында ШЫҰ елдерінің әлеуметтік серіктестері үшін нақты ұсыныстар жасалды. Бұл елдердің кәсіподақ жетекшілері тәжірибе алмасуды дамытуға, жаңа еңбек формаларын реттеу және еңбек құқықтарын қорғау мәселелерінде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.
Сонымен қатар, ШЫҰ аясында «Модернизация жолы және кәсіподақтардың рөлі» атты халықаралық семинар өткізілді. Семинар Орталық Азия мен Қытай кәсіподақтарының ынтымақтастығын нығайтуға, тәжірибе алмасуға, еңбек қатынастарын заманауи талаптарға бейімдеуге және технологиялық-экономикалық өзгерістер жағдайында жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша бірлескен бастамаларды жасауға мүмкіндік берді.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қытайлық әріптестерімен ынтымақтастықтағы негізгі қағидалар ретінде бірлік пен ортақ жауапкершілікті атады. Ол COVID-19 пандемиясы кезінде қытай кәсіподақтарының гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, цифрландыру, модернизация және экономикалық трансформация жағдайында стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Қазақстан кәсіподақ жетекшісі келесі басымдықтарды белгіледі: цифрлық саладағы тәжірибе алмасу, білім беру платформалары мен кәсіподақ академияларын құру, трансшекаралық кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі стандарттарын енгізу, мигранттардың құқықтарын қорғау, жасыл экономиканы дамыту және жұмысшыларды жаңа мамандықтарға бейімдеу.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы ШЫҰ аясында өз белсенділігін көрсетіп, аймақ елдеріндегі еңбек стандарттарын қорғауға, Орталық Азиядағы бірлескен жобаларға үлес қосуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, қытай кәсіподақтарымен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасуға және бірге жұмыс істейтін сараптамалық топ құруға жол ашылды.
Қытай кәсіподақтарымен ынтымақтастық жалғасып, жаңа деңгейге көтерілуде.

ҚРКФ халықаралық ынтымақтастық тақырыбы келесі жарияланымдарда жалғасын табады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
