Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау – әрбір қызметкердің өмірі мен денсаулығын сақтау жолындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытқа ерекше көңіл бөліп, Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Гүлсайра Күлекенова Тоғыз орта мектебіне, Қарашоқат орта мектебіне, Шоқысу негізгі мектебіне және «Бәйшешек» бөбекжай-бақшасына барып, бірқатар қоғамдық бақылау шараларын жүзеге асырды.

Бұл іс-шараның басты мақсаты — білім беру ұйымдарында қызметкерлер үшін заманауи талаптарға сай, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру, еңбек заңнамасының орындалуын қадағалау, сондай-ақ жұмыс барысында туындайтын тәуекелдердің алдын алу.
Қоғамдық бақылау кезінде еңбек заңнамасының қолданылу тәртібі мен ерекшеліктеріне кеңінен тоқталып, қызметкерлердің кәсіподақ арқылы қорғалатын құқықтары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Әсіресе еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау, құрал-жабдықтардың қауіпсіздігін тексеру, жұмыс орындарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру мәселелері жеке қаралды. Сонымен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру жолдары, ұжымдық шарт талаптарының орындалуын қамтамасыз ету тетіктері, еңбек шарттарын жүргізу мен ресімдеу тәртібі бойынша әдістемелік ұсынымдар ұсынылды.

Кезең барысында әр мекемедегі еңбек жағдайлары мен жұмыс ортасының жай-күйі зерделеніп, қызметкерлерге нақты тәжірибелік кеңестер берілді.
Жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастарының ашықтығын арттыру, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты мамандармен пікір алмасып, жұмыс орнындағы алдын алу шараларын жетілдіру бағытында ұсыныстар енгізілді.
Ұжым мүшелерімен жеке-жеке және жалпы форматтағы кездесулер өткізіліп, қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға толық, нақты әрі түсінікті жауаптар берілді. Олар өздерін толғандырған еңбек шарты, жалақы, денсаулыққа зиян келтірмейтін жұмыс ортасы, әлеуметтік қолдау тетіктері секілді мәселелерді көтеріп, кәсіподақ тарапынан қажетті түсіндірмелер мен қолдау алды.
Осындай жүйелі қоғамдық бақылау жұмыстары білім беру ұйымдарындағы еңбек мәдениетін нығайтып, қызметкерлердің құқықтық сауатын арттыруға және қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға зор үлес қосады
