2025 жылдың қорытындысы: Әлеуметтік әріптестермен белсенді ынтымақтастық және қауіпсіз еңбек мәселелері

2025 жыл бойы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен барлық алаңдарда белсенді қатысып, еңбекшілердің құқықтары мен мүддесін қорғау бағытында жұмыстарды табанды жүргізді.

Әр жыл сайын 20 ақпанда атап өтілетін Әлеуметтік әділеттілік күніне орай Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл шараға мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың және халықаралық ұйымдардың жетекші сарапшылары қатысып, әлеуметтік әділеттілік мәселелерін жан-жақты талқылады.

Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бастаған сарапшылар тобы жеткізді. Олар әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға қоғамның назарын аударудың маңызды екенін ерекше атап өтті.

«Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін қоғамдық келісім институтын дамыту қажет. Бұл келісу бостандығын, ұжымдық келіссөз жүргізу құқығын құрметтеу негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Кез келген қоғамдық келісімнің негізінде төрт маңызды қағида — өнімді жұмыспен қамтуға ықпал ету, әлеуметтік қорғау, әлеуметтік диалог және үшжақты ынтымақтастық — әлеуметтік әділеттілік қағидаттарымен қатар жүзеге асады. Қоғамдық келісімнің негізін құрайтын әлеуметтік әріптестік әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеді, әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарды айқындайды және лайықты еңбек қағидаттарын орнатуға жол ашады», — деді сол кезде Гүлнәр Жұмагелдиева.

Дөңгелек үстел қатысушылары Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге бағытталған саясаты мен іс-әрекеттерін толық қолдайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, ақпан айында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері «Қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасы — еңбек құқығының негізі және негізгі халықаралық еңбекті қорғау құралдары» тақырыбындағы семинарға қатысты. Бұл іс-шара Халықаралық еңбек ұйымының «Қазақстанның таукен секторында әлеуметтік диалог арқылы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын ілгерілету» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Бұл жоба ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды салалардың қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, тау-кен саласында еңбек қорғау жүйесіндегі кемшіліктерді анықтап, оларды жоюға Халықаралық еңбек ұйымы қолдау көрсетеді.

ҚРКФ сарапшылары халықаралық еңбек стандарттарының маңыздылығына, әсіресе Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларының еңбек қауіпсіздігі мен қорғаудағы рөліне ерекше назар аударды.

ҚРКФ-ның бас техникалық инспекторы Марат Имаш еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайларын бағалау барысында тау-кен саласының апаттар мен жұмыс орнындағы жазатайым оқиғаларға ең бейім салалардың бірі екенін нақты атап көрсетті.

«Кәсіподақтар федерациясының ұстанымы – қалыптасқан күрделі жағдайды еңсеру үшін барлық қолжетімді тетіктерді тиімді пайдалану. Бас келісім аясында Қазақстанның ХЕҰ-ның №176 «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті гигиенасы туралы» конвенциясын ратификациялау жөніндегі жұмысты жүргізу маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылған», – деді ҚРКФ спикері.

Семинарға қатысушылар көмір және тау-кен-металлургия салаларында еңбек инспекциясының бақылау және қадағалау қызметін күшейтудің өзектілігін атап өтті.

2025 жылы 28 сәуірде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның (РҮК) отырысы өтті.

Күн тәртібінде «Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары» мәселесі кеңінен қаралды.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев өз баяндамасында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өндірістік кеңестердің рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, республикалық деңгейде мұндай кеңестердің саны өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артып, 11 200-ге жеткен. Дегенмен кәсіби тәуекелі жоғары салаларда олардың жұмысын күшейту қажеттігі де айтылды.

«Кәсіподақтар федерациясы еңбекті қорғау саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған бірнеше ұсынысты алға тартады. Атап айтқанда: мемлекеттік еңбек инспекторларының алдын ала ескертусіз жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын қалпына келтіру; мемлекеттік инспекторларға қолдау көрсету үшін техникалық инспекторлардың әлеуетін тиімді пайдалану; сондай-ақ кәсіподақтың техникалық инспекторларына еңбек қауіпсіздігі нормаларының сақталуына қоғамдық бақылауды нығайту мақсатында қосымша өкілеттіктерді заңнамалық түрде бекіту қажет. Бұл тек өкілеттіктерді кеңейту ғана емес, сонымен бірге жұмыс берушілерге қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытында ықпал ету мүмкіндігін көздейді», – деді Нұрлан Өтешев.

Техникалық инспекторлардың жүйелі жұмысының нәтижесінде кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 15%-ға азайған (2023 жылы – 422, 2024 жылы – 360). Ал барлық жазатайым оқиғалардың 69%-ы кәсіподақ құрылмаған кәсіпорындарда тіркелгені қоғамдық бақылаудың күшеюі қаншалықты маңызды екенін айғақтайды.

Комиссия отырысында жұмысшы кадрларының тапшылығы және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында іске асырылып жатқан шаралар да талқыланды.

ҚРКФ өкілі Нұрлан Өтешев бұл мәселеге қатысты да Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын жеткізіп, жұмысшы мамандықтар жылын өткізудің ел экономикасы мен қоғам үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Реалды сектордың әлеуметтік тартымдылығын арттыру үшін ең алдымен жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру керек. Бұл – кешенді әлеуметтік-кәсіби жобалар арқылы, сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін өнеркәсіп орындары мен өндіріс кәсіпорындарына қажетті мамандарды дайындауға бейімдеу арқылы жүзеге асуы тиіс», – деді ҚРКФ өкілі.

Республикалық үшжақты комиссия отырысына қатысушылар еңбек жағдайын қауіпсіз әрі салауатты ету үшін әлеуметтік әріптестер кешенді шараларды бірлесе жалғастыру қажет деген ортақ пікірге келді. Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісімдердің орындалуын күшейту және еңбек заңнамасының сақталуын жүйелі түрде бақылауда ұстау қажеттігі ерекше аталды.

2025 жылы 28 мамырда Астана қаласында еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне арналған XIII Қазақстан халықаралық конференциясы мен көрмесі – KIOSH 2025 өтті.

Іс-шараның іскерлік бағдарламасын ашқан стратегиялық пленарлық сессия «Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің болашағы: стратегиялар, трендтер және инновациялық шешімдер» тақырыбына арналды.

Стратегиялық сессияның негізгі спикерлерінің бірі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин болды. Ол Қазақстандағы өндірістік жарақаттану жағдайына талдау жасап, еңбек қауіпсіздігі саласындағы негізгі басымдықтарды жария етті.

ҚРКФ төрағасы қауіпсіз еңбек мәселесіне қатысты көзқарастарды қайта қарау қажеттігін атап өтті. Ол қазіргі қауіпсіздік жүйесінің негізінде формалды бақылау емес, адам өмірінің құндылығы тұруы тиіс екенін ерекше айтты.

Сонымен бірге ҚРКФ төрағасы өндірісті жаңғырту мәселесін қозғап, жұмыс орындарындағы физикалық инфрақұрылымның жарақат деңгейіне тікелей ықпал ететінін еске салды:

«Қауіпсіздік каскадан емес, инфрақұрылымнан басталады. Бүгінде жарақаттанудың 60%-ға жуығы тозған жабдықтармен байланысты. Кәсіподақтар федерациясы ескірген механизмдерді жаңартуды басты міндеттердің бірі ретінде қояды. Бұл мәселелер кәсіпорындардың даму бағдарламаларына формалды түрде емес, нақты өндірістік тәуекелдер ескеріліп енгізілуін талап етеміз», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің рөлін де ерекше атап, Кәсіподақтар федерациясының қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп, еңбек жағдайларын мониторингілеуде кәсіподақ өкілдерінің қатысуын арттыруға ниетті екенін жеткізді.

2025 жылдың маусым айында ҚРКФ өкілдері – бас техникалық инспектор Марат Имаш және Әлеуметтік қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің бас сарапшысы Нұркен Шыңғысов Халықаралық еңбек ұйымы ұйымдастырған екі күндік үшжақты тәжірибелік семинарға қатысты. Семинардың тақырыбы: «Өтемақы модельден тәуекелге негізделген тәсілге және Қазақстандағы әлеуметтік қорғаудың жаңа моделіне көшу тетіктері» болды.

Семинардың басты мақсаты — еңбекті қорғау саласында тәуекелге негізделген моделге кезең-кезеңімен өту жоспарын құру кезінде қатысушылардың әлеуетін арттыру. Іс-шара 2024–2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру аясында өтті және елімізде еңбекті қорғау жүйесін жаңарту мен заманауи басқару моделіне көшуге бағытталды.

Семинар барысында қатысушылар ұлттық еңбекті қорғау жүйесін жаңғырту, инновациялық процестерді енгізу үшін негізгі қағидалар мен критерийлерді анықтау, кәсіби тәуекелдерді бағалау әдістемесін қайта қарау және жетілдіру мәселелерін жан-жақты талқылады.

ҚРКФ бас техникалық инспекторы Марат Имаш семинар барысында:
«Бұл іс-шара кәсіподақтар үшін аса маңызды. Ол біздің еңбекті қорғау саласындағы әлеуетімізді нығайтуға және кәсіби тәуекелдер әдістемесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл бізге мүшелеріміздің еңбек құқықтарын қорғауға, еңбек қауіпсіздігі бойынша хабардарлықты арттыруға және мемлекеттік органдар мен кәсіпорындармен тиімді жұмыс істеуге жол ашады», — деді.

Семинарға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, сондай-ақ еңбек инспекциясы мен өндірістік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, кәсіпорындардың еңбекті қорғау мамандары және кәсіподақтар атынан техникалық инспекторлар қатысты. Қатысушылар тәжірибелік дағдыларды халықаралық үздік тәжірибе мен нақты ұсыныстар негізінде меңгерді.

2025 жылдың 22–24 қыркүйек күндері ҚРКФ өкілдері «Жұмыс орнында зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алу» тақырыбындағы үш күндік тренингке қатысты. Тренинг барысында кәсіподақ өкілдері Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары және мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер ұйымдарының өкілдерімен бірге жұмыс орнындағы кемсітушілік, зорлық-зомбылық және қудалау мәселелерін талқылады.

Практикалық кейстерге негізделген тренинг қатысушыларға бұл құбылыстардың қызметкерлерге, компанияларға және қоғамға қалай әсер ететінін, сондай-ақ олардың алдын алу үшін қандай қадамдар жасау керектігін үйретті. Бұл іс-шара еңбекті қорғау саласында тәжірибе алмасуға және қызметкерлерді қорғау бойынша нақты қадамдарды әзірлеуге маңызды алаң болды.

«Біз сенімдіміз, Қазақстанда 190-шы Конвенцияны ратификациялау барлық қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі әділетті жұмыс ортасын құруға септігін тигізеді», — деп атап өтті ҚРКФ өкілдері.

2025 жылдың 9–10 қазан күндері ҚРКФ бас техникалық инспекторы Марат Имаш «Еңбек миграциясы бойынша екіжақты келісімдер (BLMA) саласындағы аймақтық әлеуетті дамыту» тақырыбындағы өңірлік іс-шараға қатысты. Іс-шара Халықаралық миграция ұйымы (IOM) және Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің (SDC) қолдауымен Душанбеде (Тәжікстан) өткізілді.

Форумға Қазақстан, Тәжікстан, Сербия, Швейцария және Орталық Азияның басқа да елдерінен мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастықтарының өкілдері белсенді қатысты.

Шара барысында еңбек миграциясы бойынша екіжақты келісімдерді жетілдіру, еңбекші мигранттардың құқықтарын қорғау, халықаралық және аймақтық нормаларды іске асыру, сондай-ақ BLMA аясындағы келіссөз процесінің кезеңдері жан-жақты талқыланды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан сөз сөйлеген Марат Имаш кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуы еңбек миграциясы жөніндегі келісімдердің табысты іске асырылуының басты шарты екенін ерекше атап өтті.

«Кәсіподақтар — еңбекшілердің дауысы. Олар мигранттардың мүдделерін тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де қорғай алады. Бұл әлеуметтік әріптестік пен әділ еңбек саясатының маңызды құрамдас бөлігі», — деді ол.

2025 жылы 21 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын «Дамушы елдерді ескере отырып ең төменгі жалақыны белгілеу» Қазақстан Республикасында ратификациялау туралы заңға қол қойды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы елдегі ең ірі еңбекшілер одағы ретінде, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін белсенді қорғап, №131 Конвенцияның Қазақстанда ратификациялануын құптады. Бұл – Қазақстанды лайықты еңбек пен әділ жалақы халықаралық стандарттарына жақындататын тарихи шешім.

№131 Конвенцияның ратификациясы жай ғана акт емес, Қазақстанның әлеуметтік саясатын дамытудағы маңызды белес болмақ. Бұл шешім еңбекке және еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі.

Конвенция ең төменгі жалақыны анықтау бойынша халықаралық стандарттарды бекітеді. Мұнда тек экономикалық факторлар ғана емес, қызметкерлер мен олардың отбасыларының қажеттіліктері, бағалардың деңгейі, жәрдемақылар, әлеуметтік қорғау және кәсіподақтардың шешім қабылдауға қатысуы да ескерілген.

Кәсіподақтар федерациясы осы ратификацияға бірнеше жыл бойы қол жеткізу үшін табанды жұмыс жүргізді. ҚРКФ ресми мәлімдеме жасап, оны бүкіл еңбек қауымдастығының жеңісі деп бағалады. Бұл – ұлттық байлықты жасайтын адамдардың еңбегіне деген құрметтің белгісі.

Кәсіподақтар федерациясының пікірінше, №131 Конвенцияның ратификациясы:

  • еңбекшілердің лайықты еңбекақы алу кепілдіктерін күшейтеді;
  • әлеуметтік-экономикалық факторларды ескере отырып, ең төменгі жалақыны реттеу жүйесінің тиімділігін арттырады;
  • Қазақстанның әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына және халықаралық еңбек стандарттарына берік мемлекет ретінде халықаралық имиджін нығайтады;
  • Халықаралық еңбек ұйымы мен БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарымен келісілген лайықты еңбек күн тәртібін жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы трипартизм аясында белсенді жұмыс істеуге дайын. Бұл бағыт Конвенция нормаларын ұлттық заңнамаға және ұжымдық шарттық қатынастарға тәжірибе түрінде енгізуді қамтамасыз етуге арналған.

2025 жылы 18–20 қарашада ҚРКФ өкілдері Халықаралық еңбек ұйымы ұйымдастырған үшжақты семинарға қатысты. Семинар Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының ХЕҰ №102 «Әлеуметтік қамтамасыз етудің ең төменгі нормалары туралы» Конвенциясының талаптарына сәйкестігін жан-жақты тексеруге арналды.

Семинар үшжақты әдістеме бойынша ұйымдастырылып, үкімет, жұмыс берушілер және қызметкерлердің мүддесін біріктірді.

Аталған Конвенция – медициналық қызмет көрсету, ауру бойынша жәрдемақы, жұмыссыздық, зейнетақы, кәсіби аурулар, отбасылық жәрдемақылар, аналық, мүгедектік және асыраушысын жоғалтқан жағдайда әлеуметтік қорғау сияқты тоғыз негізгі бағыт бойынша жүйелі халықаралық стандарт.

Қазақстанның ХЕҰ №102 Конвенциясын ратификациялауы – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының стратегиялық мақсаттарының бірі.

ҚРКФ бас техникалық инспекторы Марат Имаш атап өткендей, мемлекеттің алдында тұрған міндет – заңнаманы үйлестіру процесі тек ең төменгі нормаларға сәйкестікті ғана қамтамасыз етпей, сонымен қатар бар әлеуметтік қорғау стандарттарын сақтау және болашақта оларды арттыру арқылы еңбеккерлер мен олардың отбасыларының мүддесін барынша қамтамасыз ету.

ҚРКФ әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төраға орынбасары Айжан Ибраева бұл жұмыс тек құқықтық мәселелерді ғана емес, тәжірибедегі қиындықтарды да анықтауға, сонымен қатар қызметкерлердің өмір сапасын нақты жақсартуға бағытталған шешімдерді ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Семинарға қатысқан ҚРКФ өкілдері әлеуметтік әріптестерге барлық деңгейде тиімді әлеуметтік ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды.

Тек тиімді әлеуметтік ынтымақтастық арқылы үш тарап арасындағы келісімге қол жеткізу, шынайы тұрақты, баршаға тең әлеуметтік қорғау жүйесін құру мүмкін болады.

«Біз үшін қызметкерлердің дауысы естіліп, соңғы ұсыныстарда ескерілгені маңызды. Соңында біздің жұмысымыз Конвенцияны болашақта ратификациялауға бағытталған іс-қимылдарды әзірлеуге, Қазақстанда әлеуметтік мемлекет үшін берік және сенімді негіз қалыптастыруға бағытталған», — деді Айжан Ибраева.

Семинарға қатысушылар — үкімет өкілдері, жұмыс берушілер бірлестігінің және кәсіподақтардың өкілдері, сондай-ақ ХЕҰ сарапшылары — болашақта әлеуметтік-еңбек саласындағы ұлттық заңнаманың халықаралық стандарттарға сәйкестігін одан әрі талдауды жалғастыруға ниет білдірді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының жоспарына әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайту, оны еңбек саласындағы саясатқа ықпал етудің негізгі құралы ретінде дамыту кіреді. Арнайы назар 2024–2026 жылдарға арналған Бас келісімнің орындалуына, келісімдердің жүзеге асуын цифрлық мониторингілеуге, шағын бизнестің ұжымдық келіссөздерге қатысуын кеңейтуге және кәсіподақтардың мемлекеттік еңбек саясатын қалыптастырудағы рөлін заңнамалық түрде бекітуге аударылатын болады.

Келесі жарияланымдарда біз әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақтардың оның құрамындағы рөлі тақырыбын жалғастырамыз.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы