2025 жыл қорытындысы: Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымында бастаушы рөл атқарды

2025 жылы 22 мамырда Түркия астанасы Анкара қаласында Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының (OTUTS) бірінші құрылтай конгресі өтті.

Оған Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Түркияның Turk-İş кәсіподақтар конфедерациясының президенті Эргюн Аталай, Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сахиб Мамедов, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков және Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Мурадил Джумадилде уулу қатысып, жаңа интеграциялық алаңның құрылымын қалыптастырды.

 

Конгресте OTUTS Жарғысының жаңа редакциясы қабылданып, басқару органдары сайланды. OTUTS Бас хатшысы болып жасырын дауыс беру арқылы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сайланды. OTUTS Президенті лауазымына Түркияның Turk-İş кәсіподақтар конфедерациясы төрағасы Эргюн Аталай тағайындалды.

OTUTS Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин конгрестің қатысушыларын қарсы алып, жаңа интеграциялық бірлестіктің маңыздылығын атап өтті.

«Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы — Түркі әлемінің маңызды бөлігі. Түркиядағы құқық органдарында ұйымымыздың ресми тіркелуіне ат салысқан бауырлас түрік әріптестерімізге ерекше алғысымды білдіремін. Осы сәттен бастап біз тек пікірлес адамдардың одағы ғана емеспіз. Біз ресми, заңды күшпіз. Түркі әлемі еңбекшілерінің құқықтарын табандылықпен және шешімді түрде қорғай алатын ұйым болып отырмыз. Түркі мемлекеттері кәсіподақтары ұйымының I конгресі — жай кездесу емес. Бұл біздің  тарихымыздағы жаңа тараудың бастауы. Біз күшімізді, білімімізді және рухымызды біріктіріп, азаматтарымыздың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету жолында әрекет етеміз! Біздің мақсатымыз айқын: Түркі әлемін XXI ғасырдағы негізгі экономикалық, мәдени және гуманитарлық орталықтардың біріне айналдыру. Астанада өткен X саммитте бекітілген «Түркі әлемінің даму жолы – 2040» құжатына сәйкес бастамаларды қолдай отырып, біз лайықты еңбек, әділдік және қызметкерлердің құқықтары — жалпы өркендеудің іргетасы деген тұжырымды алға тартамыз», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

OTUTS Бас хатшының айтуынша, Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы қарқынды дамып келеді, оның қызмет ауқымы кеңейіп, экономикадан мәдениетке, қауіпсіздіктен білімге дейінгі бағыттарды қамтып отыр. Кәсіподақтар осы интеграциялық құрылымда лайықты орын алуы тиіс.

«Біздің міндетіміз – түркі ынтымақтастығында кәсіподақ өлшемін енгізу, тек бақылаушы емес, белсенді серіктес болу. Әлеуметтік күн тәртібін қалыптастыру, еңбек, көші-қон, жастар жұмысы, гендерлік теңдік бойынша бастамалар жасау. Біз OTUTS пен ТМҰ құрылымдары — Ардагерлер кеңесі, Экономикалық және Әлеуметтік форум арасында ынтымақтастық механизмін әзірлеуді ұсынамыз, ал болашақта OTUTS-қа қарасты Әлеуметтік және еңбек мәселелері бойынша кеңес құруды жоспарлап отырмыз. Біз OTUTS құжаттарында біздің ұсыныстарымыз естілетіндігіне, ал жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау бағдарламалары кәсіподақтардың қатысуымен әзірленетініне мүдделіміз», — деді OTUTS  Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин.

Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының міндеттерін айқындауда Бас хатшы басымдықтарды нақты атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – билік немесе бедел емес, еңбек адамына қызмет етуі. Ол экономикаға үлес қосады, қалалар салуға, ұрпақ өсіруге ат салысады. Бір-бірімізден үйренейік, үздік тәжірибені бейімдейік, кәсіподақ орталықтары арасындағы байланыстарды күшейтейік. Жастарға ерекше мән беру керек. Олар – біздің кәсіподақтарымыздың, елдің және бүкіл Түркі әлемінің болашағы. Оларға өсу, оқу және көшбасшылыққа үйрену жағдайын жасауымыз қажет. Біз оларға тек тәжірибемізді ғана емес, бауырластық рухын, сенім күшін және әділетке сенімділікті жеткізуіміз керек. Енді бір тілде сөйлеу уақыты келді – бірлік, әділет және өзара құрмет тілінде. Түркі еңбек кеңістігін құрамыз, онда әр қызметкер өзін қорғалған, тыңдалған және құрметтелген сезінуі тиіс. Бүгін біз бұрын-соңды болмағандай мақсатты, үйлестірілген әрекет қажеттігін сезінеміз. Бізге тек интеграция емес — бірге үйлесімді дамуға ұмтылу қажет. Бұл конгресс идея алмасу орны ғана емес, нақты іс-әрекеттер бастауы, жаңа бірлескен бастамалар бастауы болсын. «Еңбек – біздің күніміз. Бауырластық – біздің жолымыз. Әділет – біздің миссиямыз» біздің ұранымыз болсын», — деп тілектестік білдірді Сатыбалды Дәулеталин.

2025 жылы қарашада Астанада OTUTS жұмыс тобы 2026 жылға арналған ұйымның іс-қимыл жоспарын және келесі жылдың басында өтетін OTUTS саммитінің күн тәртібін әзірледі.

Жоспарға Төрағалар Кеңесінің отырысы, «Түркі мемлекеттерінде лайықты ең төменгі жалақыны қамтамасыз етудегі біртұтас кәсіподақтық тәсілдер» тақырыбында халықаралық конференция, ұйымның ресми сайтының ашылуы, мини футболдан халықаралық турнир, «Түркі мемлекеттерінде әлеуметтік және еңбек стандарттары: салыстыру және ұсынымдар» атты бірлескен әлеуметтік зерттеу, үздік тәжірибе алмасу және бірлескен оқыту жобалары кіреді.

Жоспар бойынша Анкарада OTUTS штаб-пәтерінің офисі ашылып, Үйлестіру кеңесі құрылмақ.

Осы жылдың 17 желтоқсанында Бакуде OTUTS Атқару комитетінің отырысы өтеді. Атқару комитет мүшелері — бес мемлекеттің кәсіподақ жетекшілері іс-қимыл жоспарын бекітіп, Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының жұмысын жандандырады.

Осылайша, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы халықаралық аренада өз беделін пайдаланып, аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге зор үлес қосуда.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастығы тақырыбы келесі жарияланымдарда жалғасын табады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы