Меморандум: ҚРКФ мен “Amanat” сенімділікті, лайықты еңбекті және әлеуметтік әділеттілікті қолдайды

Дүйсенбі күні, 22 желтоқсанда, Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен «AMANAT» партиясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Маңызды құжатқа Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қол қойды.

Кездесуді ашқан «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек әлеуметтік әріптестікті дамытудың маңызын атап өтті.

«Бүгінгі кездесу — айрықша мәнге ие. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы — азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі жетекші институт. Қол қойылып отырған меморандум тараптардың жүйелі, кәсіби және ынтымақтастыққа негізделгенін айқын көрсетеді», — деді ол.

Атқарушы хатшы «AMANAT» партиясы әлеуметтік әріптестіктің барлық қатысушылары арасындағы тұрақты ынтымақтастықты партияның 2023–2027 жылдарға арналған саяси платформасы мен сайлауалды бағдарламасы  аясында дәйекті түрде қолдап келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, партия қызметінің өзегінде Еңбек адамы, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, сондай-ақ қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру мәселелері тұр.

Дәулет Кәрібек бірлескен заңнамалық жұмыстың нақты нәтижелеріне де тоқталды.

«Парламенттегі “AMANAT” партиясының депутаттары еңбек заңнамасын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы — біздің маңызды әрі сенімді серіктесіміз. Атап айтқанда, партия депутаттарының бастамасымен қараша айында қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы қабылданды. Бұл заң жобасы еңбек заңнамасындағы қолданыстағы олқылықтарды жоюға бағытталған», — деп атап өтті ол.

Спикер Меморандум тараптардың үкімет пен парламентке арналған бастамаларды бірлесіп әзірлеуіне, сараптамалық тәжірибе алмасуына және өңірлік қажеттіліктерден туындайтын нақты шешімдер ұсынуына мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Біз сіздердің сараптамалық тәжірибелеріңізге, өңірлерден келіп түсетін ұсыныстарға, сондай-ақ үкімет пен парламентке арналған бастамаларды бірлесе әзірлеуге зор үміт артамыз. Өңірлерде жұмыс орындарын құру және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру мәселелері бойынша күш біріктіруді маңызды деп санаймыз және бұл жұмысқа жақын уақытта кірісуге дайынбыз. Біздің ынтымақтастығымыз нәтижелерге жеткізіп, елдегі әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайтады деп сенемін», — деп түйіндеді Дәулет Кәрібек.

Кездесуге қатысушыларға сөз арнаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бүгінгі күн тәртібінің бірлескен әрекеттерді талап ететін негізгі басымдықтарына тоқталды.

«Бүгінгі жиынның өзегі үш ұғымға тіреледі. Сенім. Лайықты еңбек. Әлеуметтік әділеттілік. Сенім болмаса, лайықты еңбек болмайды. Егер адам еңбегі бағаланбайды, дауысы естілмейді, мәселесі уақытында шешілмейді деп сезінсе, онда тұрақтылық та, даму да болмайды. Кәсіподақ үшін сенім дегеніміз жұмысшының ертеңіне алаңдамай еңбек етуі. Өз құқығы қорғалатынын, қиын сәтте жалғыз қалмайтынын білуі.  Бұл меморандум дәл осы сенімді қалыптастыруға бағытталған», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасы лайықты еңбектің әлеуметтік әділеттіліктің берік іргетасы екенін ерекше атап көрсетті.

«Лайықты еңбек сенімнен басталады. Ерте диалогтан, ашық келісуден, әділ ұжымдық шарттардан басталады. Kaizen форматындағы консультациялар, жаңа буындағы ұжымдық келісімдер, цифрлық бақылау құралдары бір ғана мақсатқа қызмет етеді. Адам еңбегі лайықты бағалануы тиіс және бұл сөзбен емес, нақты іспен көрінуі керек. Лайықты еңбек – әлеуметтік әділеттіліктің берік негізі. Әділеттілік ұранмен өлшенбейді. Ол еңбекақыда, еңбек жағдайында, қауіпсіздікте, құқықтың қорғалуында, мүмкіндіктердің теңдігінде көрінеді. AMANAT партиясымен ынтымақтастықтың мағынасы да осында.Саясатты еңбек адамына жақындату. Қаржылық сауаттылық пен құқықтық көмекті күшейту. Қоғамдық қабылдаулар мен парламенттік бастамалар арқылы әлеуметтік әділеттілікті нақты әрекетке айналдыру», — деді ҚРКФ басшысы.

Сатыбалды Дәулеталин тараптардың ортақ мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын нақты мысалдарға да тоқталды.

«Осы күнге қалыптасқан әріптестігіміздің сапасын айқын көрсететін бір ғана көрсеткішті айтып өтейін. Бүгін өңірлерде барлық деңгейдегі мәслихаттарда кәсіподақ платформасында жұмыс істеп, еңбек адамдарының мүддесін қорғайтын 270-тен астам депутат бар. Солардың 93 пайыздан астамы AMANAT партиясының мүшелері. Бұл жай ғана статистика емес. Бұл еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілік және жұмысшылармен ашық диалог мәселелерінде кәсіподақ күн тәртібі мен партиялық бағдарламаның бір бағытта екенін, тіпті бірін бірі күшейтіп отырғанын көрсететін нақты дәлел. Дәл осының арқасында мәслихаттарда еңбек жағдайы, жұмыспен қамту, еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау мәселелері жеке өтініш деңгейінде емес, жүйелі әрі тұрақты күн тәртібі ретінде жиі көтеріле бастады. Жұмыс берушілер үшін де бұл байланыс айқын. Сенім бар жерде келісім бар. Келісім бар жерде тұрақтылық бар. Ал тұрақтылық бар жерде лайықты еңбек қалыптасады. Бұл бизнеске де, жұмысшыға да тиімді. Қақтығыс емес, диалог негізгі құралға айналады», — деп атап өтті ол.

Қол қойылған Меморандумды іске асыру әлеуметтік әріптестіктің барлық негізгі бағыттары бойынша тараптардың кешенді әрі жүйелі өзара іс-қимылын көздейді және ҚРКФ Төрағасының пікірінше, бұл нақты әрі өлшенетін нәтижелерге жеткізуі тиіс.

«Бұл меморандумның шынайы бағасы мәтінде емес. Ол адамдардың жұмыс орнындағы көңіл күйінде. Өз құқығына деген сенімінде. Ертеңіне деген тыныштығында өлшенеді. Бүгін біз осы үш құндылықты бір арнаға тоғыстырдық. Сенімге негізделген, лайықты еңбекті қамтамасыз ететін, әлеуметтік әділетті қоғамға қарай маңызды қадам жасадық. Кәсіподақтар мен елдің жетекші саяси партиясы бірлесе, үйлесімді әрекет еткен кезде ең алдымен еңбек адамы ұтады, экономика ұтады, мемлекет ұтады. Кәсіподақтар федерациясы кәсіби, ашық әрі нақты нәтижеге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын. AMANAT партиясына әріптестік пен сенім үшін алғыс білдіремін», — деп қорытындылады Сатыбалды Дәулеталин.

Осылайша, еліміздің ең ірі қоғамдық бірлестігі — Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен ең ірі саяси партия — «AMANAT» арасында қол қойылған Меморандум лайықты еңбек қағидаттарын іске асыруға, әлеуметтік әділеттілікті орнықтыруға, құқықтық мәдениетті дамытуға және еңбек ұжымдарында әлеуметтік диалогты нығайтуға бағытталған бірлескен практикалық жұмыстың жаңа кезеңін бастайды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен «AMANAT» партиясы заманауи әдістемелерді қолдана отырып, тұрақты еңбек консультацияларын ұйымдастырады, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді талқылайды, олардың ұжымдық еңбек дауларының алдын алуына күш салады, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде Еңбек консультациялары күндерін өткізеді.

Ұжымдық-шарттық реттеуді жетілдіруге айрықша көңіл бөлінеді. Осы бағытта тараптар ұжымдық шарттардың үлгілік нұсқаларын әзірлеуді және цифрлық құралдарын енгізуді жоспарлап отыр. Кәсіподақтар мен партиялық құрылымдар бірлесіп ұжымдық шарттардың орындалуына мониторинг жүргізіп, олардың тиімділігін бағалайды және кәсіпорындарға, соның ішінде шағын және орта бизнес субъектілеріне әдістемелік қолдау көрсетеді.

Маңызды бағыттардың бірі — ұжымдық еңбек даулары мен даулардың алдын алу. Бұл мақсатта Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес медиаторларды даярлау, бітімгерлік рәсімдер бойынша мамандар корпусын қалыптастыру, қызметкерлер бастамаларын талқылауға арналған заманауи кері байланыс құралдарын енгізу және өңірлерде бірлескен ақпараттық іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Мұндай кешенді тәсіл қақтығыстарды барынша азайтып, еңбек ұжымдарында сенімге негізделген ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тараптар белсенді заң жобалау және сараптамалық-талдамалық қызметті жүзеге асыруды жоспарлауда. Бірлескен жұмыс заңдар мен құқықтық актілер жобаларына сараптамалық ұсыныстар әзірлеуді, бағдарламалық және стратегиялық құжаттарға ұсынымдар енгізуді, пікірталас алаңдарында іс-шаралар өткізуді, сондай-ақ еңбек ұжымдарындағы бастауыш кәсіподақтар және партия ұйымдарының рөлін күшейтуге бағытталған ұсыныстарды қамтиды.

Меморандумға қол қойған тараптардың пікірінше, аталған шаралар елдегі сенімді нығайтып, еңбек сапасын арттыруға және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін орнықты жағдайлар қалыптастыруға ықпал ететін болады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы