Кәсіподақтар федерациясы жүгірістен түскен қаражатты әлеуметтік сала қызметкерлерін қолдауға бағыттады

23 желтоқсан, сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ ұжымымен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов, салалық кәсіподақтың Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов, Орталық директоры Ғалия Әбенова, кәсіподақ белсенділері мен мекеме қызметкерлері қатысты.

Іс-шара ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен «Қызмет» салалық кәсіподағының Астана қаласы бойынша филиалымен бірлесіп ұйымдастырылды және әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін, еңбек жағдайларын және Орталық қызметкерлерін қолдауды талқылау алаңына айналды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кездесуге қатысушыларды құттықтай отырып, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөлін атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы – еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Бізде екі миллионға жуық кәсіподақ мүшесі бар. Әрбір қызметкер қамқорлық пен ертеңгі күнге деген сенімділікті сезінуі үшін кәсіподақтар жұмыс берушілермен және билікпен келіссөздер жүргізеді», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасының орынбасары.

Ол жалақы мен еңбек жағдайлары мәселелеріне ерекше назар аударды. Нұрлан Өтешев кәсіподақтардың жалақыны жыл сайынғы индекстеуге және ең төменгі еңбекақыны салалық орташа жалақының кемінде 50%-ы мөлшерінде белгілеуге қол жеткізетінін баса айтты. Оның айтуынша, соңғы үш жылда ең төменгі жалақы екі есе өсті.

«Біз лайықты жалақыға, еңбек жағдайларына және жұмыс орнындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударатын боламыз. ҚРКФ қолдауының арқасында Қазақстанда ХЕҰ-ның №131 Конвенциясы ратификацияланды, оның мәні – дамушы елдерді ерекше ескере отырып, қызметкер мен оның отбасына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алатын ең төменгі жалақыны белгілеу. Бұл – Қазақстанды лайықты еңбек пен әділ ақы төлеудің халықаралық стандарттарына жақындататын тарихи шешім. Лайықты жалақы – бұл адам өзін, отбасын асырай алатын, дамуға және демалуға мүмкіндігі болатындай деңгей», – деді Нұрлан Өтешев.

«Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов Орталық қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға және әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған негізгі бастамаларды таныстырды. Ол қызметкерлердің жұмысы жоғары біліктілікті, жауапкершілікті талап ететінін, ал кәсіподақ қолдауы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

«Біз Орталықтың әрбір қызметкері күнделікті күрделі міндеттермен және жоғары жүктемемен бетпе-бет келетінін көріп отырмыз. Біздің міндетіміз – олардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету және әрбір қызметкердің еңбегі бағаланатын әрі лайықты төленетін жағдайлар жасау болады», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.

Ол әдіскерлер, логопедтер, психологтар, дефектологтар, дене шынықтыру, музыка, еңбекке баулу мұғалімдері үшін «Қызмет» салалық кәсіподағы педагогикалық санаттарға ұқсас мәртебе белгілеуді ұсынатынын хабарлады, бұл еңбекақыны арттыруға, әлеуметтік кепілдіктер мен қосымша демалыстарға құқық беретін болады.

Оның айтуынша, еден жуушылар, аспаздар, жүргізушілер, аула сыпырушылар және вахтерлер сияқты біліктілігі жоқ қызметкерлерді азаматтық қызметшілер санатына қосу және олар үшін жергілікті бюджет есебінен сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеуді қарастыру ұсынылады.

Сонымен қатар, Мирболат Жақыпов Орталықтардың бюджеттік қаржыландырумен шектелгенін және төлемдерді өз бетінше қамтамасыз ете алмайтынын ескертті. Осыған байланысты салалық кәсіподақ жергілікті бюджет есебінен қызметкерлердің біліктілік санаттары үшін ынталандырушы үстемеақылар беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.

«Орталықтардың әлеуметтік қызметкерлері мен медицина мамандары үшін жоғарылатылған еңбекақы мөлшеріне және қосымша әлеуметтік кепілдіктерге құқығы бар лауазымдар мен кәсіптердің ресми тізбесіне енгізу ұсынылады. Бұл шаралар әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне тұрақты жағдайда жұмыс істеуге және өз еңбегі үшін лайықты баға алуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді салалық кәсіподақ басшысы.

Өз кезегінде «Нұрлы жүрек» КММ директоры Ғалия Әбенова мекеменің қызметі мен қызметкерлердің жұмыс жағдайы туралы айтып берді. Орталық мүмкіндігі шектеулі балаларға, соның ішінде церебралды сал ауруы, эпилепсия, аутизм және басқа да даму кемістіктері бар балаларға мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсетеді.

«Біздің Орталықта жұмыс істеу кәсіби білімді де, жоғары жеке жауапкершілікті, эмоционалдық тұрақтылықты талап етеді. Ұжым күн сайын күрделі міндеттермен бетпе-бет келеді. Кәсіподақтар тарапынан көрсетілетін қолдау біз үшін өте маңызды. Барлық ұжымның атынан Кәсіподақтар федерациясына және салалық кәсіподаққа көрсеткен назары мен тұрақты қолдауы үшін алғыс айтамын», – деді Ғалия Әбенова.

Мекеме үш корпустан тұрады – тәрбиеленушілер тұратын стационарлық бөлімше, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған күндізгі бөлімше және 18-ден 29 жасқа дейінгі жастарға кәсіптік оқыту жүргізілетін корпус.

Орталықтың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Майханованың айтуынша, кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің мүдделерін қорғауға белсенді қатысады, әсіресе әлеуметтік осал санаттарға – жалғызбасты ата-аналарға, қамқоршыларға, мүгедектігі бар қызметкерлерге және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше назар аударады.

«2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарт қызметкерлердің әлеуметтік және материалдық әл-ауқатын қамтамасыз етеді. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласы қызметкерлерінің жалақысы 15%-ға өсті. Ай сайын кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жалақыны толық көлемде, бір уақытта төлеп отырады, ал мереке күндері қызметкерлерге ақы төлеу 2 еселенген, ал демалыс күндері 1,5 еселенген мөлшерде жүргізіледі. Жыл бойы демалыс кестесіне сәйкес, қызметкерлерге кезекті еңбек демалыстары сауықтыру төлемдерімен бірге уақтылы беріледі, бірақ бұл қызметкерлердің барлық санаттарына қатысты емес. Жыл сайынғы еңбек демалысы кезеңінде сауықтыру шығындарын өтеу мақсатында лауазымдық жалақыға немесе тарифтік мөлшерлемеге байланысты емдеу жәрдемақысы беріледі», – деп атап өтті Айнұр Майханова.

Кездесудің жеке бөлімі кәсіподақ ынтымақтастығына және қызметкерлерге атаулы қолдау көрсетуге арналды.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Нұрлы жүрек» КММ қызметкерлеріне кәсіподақ шипажайларына сауықтыру сертификаттарын, сондай-ақ Орталықтың көпжылдық еңбек өтілі бар қызметкерлеріне алғыс хаттар тапсырды.

Айта кетерлігі, қызметкерлерге арналған сертификаттар ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен 2025 жылы 5 қазанда Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына орай өткізілген «KASIPODAQ RUN» қайырымдылық марафоны аясында жиналған қаражат есебінен сатып алынды.

Бұл қаражат Орталықтың әлеуметтік осал топтағы он қызметкерінің кәсіби үлесін, іске адалдығын және ерекше қажеттіліктері бар балаларға деген ерекше қамқорлығын айқындау үшін оларды қолдауға бағытталды.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы