Кәсіподақтар федерациясының «Заң және тәртіп» жобасы аясында Қызылорда қалалық №3 емханасының ұжымымен қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шара «AMANAT»партиясының Қызылорда облыстық филиалымен жасалған меморандум шеңберінде ұйымдастырылды.

Қабылдау барысында Қызылорда облыстық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева және «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің Қызылорда облыстық салалық кәсіподағының заңгері Мұрат Абдрасулов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Кездесу кезінде донор болған жұмыскерлерге берілетін кепілдіктер, еңбек демалысының мерзімдерін ауыстыру, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің әлеуметтік төлемдерге жүгіну тәртібі жөніндегі сұрақтар қаралды. Мамандар тарапынан тиісті құқықтық түсіндірмелер берілді.

Сонымен қатар, заң клиникасы онлайн және офлайн форматта тұрақты түрде жұмыс істеп, жұмыскерлерге жан-жақты құқықтық көмек көрсетуде.


Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанынан татуластыру бөлмесі қызмет атқарады. Даулы мәселелер кәсіподақтардың заң мамандары мен медиаторларының қатысуымен қаралып, тараптардың өзара келісімге келуіне және заң талаптарының сақталуына бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Жыл басынан бері Аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне азаматтардан 344 өтініш түсіп, олардың барлығына қолданыстағы заңнама аясында тиісті кеңестер берілді.
