Кәсіподақ құрылымдарының қатысуымен берешекті өтеу реттелді

Бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейтін астаналық автопарктің заңгерлері сервистік қызмет көрсету шарттары бойынша туындаған берешекті автопарк пайдасына «ABS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен қысқа мерзімде өндіріп алу жолдарын қарастыру мақсатында Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының Заң клиникасына және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Татуласу орталығына» жүгінді.


Аталған шарттар бойынша қалыптасқан берешек сомасы 24 299 200 (жиырма төрт миллион екі жүз тоқсан тоғыз мың екі жүз) теңгені құрады.

Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының Заң клиникасы мен ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Татуласу орталығы» мамандарының қатысуымен жүргізілген келіссөздер барысында тараптар дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеудің тиімділігіне көз жеткізді.

Нәтижесінде, тараптар өзара келісімге келу қажеттігі туралы ортақ шешім қабылдады. Бұл шешім сот шығындарын едәуір қысқартуға, сот орындаушысы тарапынан қолданылатын атқарушылық санкциялардан жалтаруға, сондай-ақ дауды шешу барысында уақыт пен материалдық ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік берді.