Еңбек адамының мүддесін қорғау, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тыныс-тіршілігін зерделеу және жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орнын айқындау – бүгінгі кәсіподақ қозғалысының басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Түркістан қаласындағы Ерқанат Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды-техникалық колледжінде кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, еңбек ұжымының бүгінгі жағдайы, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы, еңбек құқықтарының сақталуы және кәсіподақтардың осы бағыттағы рөлі жан-жақты талқыланды. Төраға өз сөзінде бастауыш кәсіподақ ұйымдары – кәсіподақ қозғалысының тірегі екенін атап өтіп, олардың белсенділігі мен бірлігі еңбек адамына лайықты жағдай жасауға тікелей әсер ететінін жеткізді.
Сондай-ақ, жиында кәсіподақ мүшелері өздерін толғандырған мәселелерді еркін айтып, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Бұл – кәсіподақтың әрбір кәсіподақ мүшесімен тікелей байланыс орнатып, нақты мәселелерді дер кезінде анықтауға бағытталған маңызды қадам екені атап өтілді.

Сонымен қатар, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануына байланысты жастармен арнайы әңгіме өрбіді. Онда техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы, білікті жұмысшы кадрларды даярлау, еңбек адамының мәртебесін арттыру, жас мамандарды қолдау мәселелері кеңінен қозғалды. Өз кезегінде бұл жастарға еңбекке құрметпен қараудың, кәсіби дамудың және кәсіподаққа бірігудің маңызын ұғындырды.
Кездесу соңында адал еңбегімен, қоғамдық белсенділігімен және кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесімен ерекшеленген бірқатар кәсіподақ белсенділері Түркістан облыстық мәслихатының және «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жиынды қорытындылаған Бердіғали Өмірәлі кездесуге қатысқан әрбір кәсіподақ мүшесіне, колледж ұжымына және белсенді жастарға шынайы ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс пен сәттілік тіледі.
