2025 жыл қорытындысы: «Келешек» жастар қозғалысы — нағыз көшбасшылық алаңы

ҚРКФ жұмысының басты қағидаларының бірі — жастарды кәсіподақ саясатының өзегіне айналдыру. Көпшілік «Жастар — біздің болашағымыз» деп жатқанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бұған: «Жоқ. Жастар — біздің бүгініміз», — деп нық жауап береді.

2025 жылғы мәлімет бойынша, кәсіподақ мүшелерінің 35 жасқа дейінгі жастардың саны 448 516 адамға жетті. Бұл — ҚРКФ-ның жалпы мүшелерінің 27%-ы деген сөз.

2025 жылы «Келешек» жастар кеңесі тікелей жұмыс орындарында, зауыттарда, мектептер мен университеттерде кездесулер өткізу дәстүрін жалғастырды. Атап айтқанда, Алматы және Орал қалаларындағы ЖЭО-ларда, Павлодар мұнай-химия зауытында, сондай-ақ өңірлердегі колледждер мен ЖОО-ларда еңбек ұжымдарымен ашық әңгімелер ұйымдастырылды. Бұл кездесулерде еңбек құқықтары, жұмыс жағдайы, тәлімгерлік және мансап жолындағы мүмкіндіктер талқыланды. Мұндай формат жастармен жанды байланыс орнатуға және олардың кәсіподақ қызметі туралы практикалық білімдерін арттыруға мүмкіндік берді.

Студенттермен жұмысқа да ерекше көңіл бөлінді. Олармен өткен кездесулерде жас мамандардың құқығын қорғаудағы кәсіподақтың рөлі мен кәсіби өсу жолдары басты назарда болды.

Жылдың ең айтулы оқиғасы — Қазақстан кәсіподақтарының 120 жылдығы мен ҚРКФ-ның 35 жылдығына орай Астанада және еліміздің он аймағында өткен ауқымды жүгіріс. Бұл шара әртүрлі өңірлерден 3,5 мыңнан астам қатысушының басын қосып, ынтымақтастық пен ұрпақтар сабақтастығының нағыз мерекесіне айналды.

Қарағанды қаласында дәстүрлі Қайырымдылық балы өтіп, оған жастар, бизнес өкілдері мен еріктілер қатысты. Іс-шарада жиналған қаражат қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға жұмсалды. Бұл шара өзара көмек пен бірлік құндылықтарын тағы бір мәрте айқындап берді.

Орал қаласында Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Орал өкілдерінің қатысуымен еңбекші жастардың аумақтық форумы өтті. Форум тәжірибе алмасуға, жұмыспен қамту және еңбек қауіпсіздігі мәселелерін талқылауға таптырмас алаң болды.

Тағы бір маңызды қадам — «Келешек» жастар кеңесі мен «Есірткісіз болашақ» қоры арасындағы Меморандум. Бұл құжат жастар арасындағы зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған. Мұндай бірлескен жобалар салауатты өмір салтын насихаттауға және жастарды қоғамдық маңызы бар бастамаларға тартуға септігін тигізеді.

«Келешек» өңірлік және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастыққа да белсенді атсалысып келеді. 2025 жылы халықаралық аренада үлкен жетістікке қол жеткіздік: Қарағанды облысының «Келешек» жастар кеңесі Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі ұйымдастырған «Үздік жастар кеңесі» байқауында жеңімпаз атанды. Бұл — қазақстандық жастардың жұмыс деңгейі жоғары екенін және аймақтағы көшбасшылық орнын айғақтайды.

Спорт саласында да жетістіктер аз емес. Кәсіподақтар федерациясының футбол командасы AFL Бірінші лигасында чемпион атанып, Орталық Азия елдерінің халықаралық турнирінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл жастардың командалық рухын, мақсатқа деген ұмтылысын және ортақ жеңіске деген сенімін паш етті.

Қорыта айтқанда, 2025 жыл ынтымақты нығайту, еңбекші жастармен байланысты кеңейту және әлеуметтік қатерлердің алдын алудың жаңа тәсілдерін енгізу жылы болды. «Келешек» жастар кеңесі ондаған мың белсендінің басын қосқан еліміздегі ең ірі жастар ұйымдарының бірі екенін тағы да дәлелдеді.

«Келешек» жастар кеңесінің жұмысы келер жылы да қарқынды жалғасады. Біз өз алдымызға 2025–2030 жылдарға арналған кәсіподақ қозғалысын дамытудың стратегиялық міндеттерін қойып отырмыз.

2026 жылдың өзінде-ақ ҚРКФ жаңа жастар саясатын іске асыруды бастайды. Онда цифрлық дағдылар, климаттық жауапкершілік және тұрақсыз жұмыспен қамту жағдайында құқықтарды қорғау мәселелеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар, кәсіподақ құндылықтарын өз ұжымдары мен қоғам арасында насихаттайтын «кәсіподақ амбассадорлары» — студенттер, жас мамандар мен digital-көшбасшылар желісін құру маңызды бағытқа айналады.

«Келешек» халықаралық ұйымдармен (ХКК, БЕАК, ОАЕКК, ТМКҰ) байланысты үзбей, жаһандық ынтымақтастықты нығайтып, озық тәжірибелермен алмасуды жалғастырады. Ел ішінде кәсіподақтардың сайланбалы органдарында жастар үшін 20 пайыздық квота енгізуге және әлеуметтік әріптестермен келіссөздерде жастар мәселесін басты орынға қоюға күш саламыз. Еріктік пен әлеуметтік бастамаларды дамытуға да ерекше мән беріледі.

Бүгінде жастар кәсіподақты өздерін қолдайтын, дамытатын және қорғайтын орта ретінде тани бастады. Дегенмен, әлі де шешімін күткен маңызды міндеттер бар:

  • кәсіподақты қабылдаудағы ұрпақтар арасындағы алшақтықты жою;
  • университеттер мен колледждердегі кәсіподақ ықпалын күшейту;
  • жас кадрларды кәсіподақ құрылымдарында тұрақтандыру;
  • жастарды тұрақты тарту үшін ынталандыру және білім беру тетіктерін жасау.

«Келешек» жастар кеңесі жастар тек бақылаушы емес, белсенді әрекет етуші күшке айналған жаңа әлеуметтік ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда. Ендігі кезекте осы қозғалысты одан әрі күшейтуіміз керек: студенттерді көбірек тарту, бастауыш ұйымдардан шыққан бастамаларды қолдау, жас көшбасшыларды құрылымдық деңгейде бекіту және ескі түсініктерді өзгерту қажет.

Кәсіподақтар федерациясы жастарға ертеңгі күн емес, бүгінгі күннің негізгі күші ретінде қарап, олардың энергиясына, шығармашылық бастамаларына және өзгерістерге деген құлшынысына сенеді. Алда жаңа белестер, цифрлық бастамалар мен халықаралық жобалар күтіп тұр. «Келешек» — бұл қазірден басталатын болашақ.

ҚРКФ Кәсіподақтар коммуникация орталығы