Екібастұз 1-МАЭС: еңбек жолын қорытындылаған қызметкерлерге құрмет көрсетілді

«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС»ЖШС Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің ұжымы жаңа жыл қарсаңында цехтың екі бірдей еңбек сіңірген қызметкерін – ғимараттар мен құрылыстарды кешенді қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмысшы Исмаилов Жетпісбай Бекжанұлын және ағаш ұстасы Сейльджанов Даметбек Маратұлын зейнеткерлікке салтанатты түрде шығарып салды.

Исмаилов Жетпісбай Бекжанұлы станцияда 33 жылдан астам еңбек етіп, ұжымға сыйлы, ақкөңіл, әрдайым көмекке дайын және аса еңбекқор қызметкер ретінде танылды. Ол ешқашан қол қусырып отырмай, өзіне жүктелген жұмысты әрдайым біліктілікпен әрі жауапкершілікпен орындап келеді. Сонымен қатар жас мамандармен тәжірибе бөлісіп, станцияның қоғамдық өміріне белсене қатысты.

Сейльджанов Даметбек Маратұлы ұжымда салыстырмалы түрде аз уақыт жұмыс істегеніне қарамастан, өзін білікті әрі жауапты маман ретінде көрсете білді. Оның кәсібилігі, еңбекқорлығы мен адамгершілігі бөлім ұжымы мен бүкіл станция қызметкерлері арасында қысқа мерзім ішінде зор құрметке ие болуына мүмкіндік берді.

Құрметті қызметкерлерді бөлім басшылығы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясының бастауыш партия ұйымының төрағасы және әкімшілік-шаруашылық бөлімінің барлық қызметкерлері құттықтап, шынайы алғыстарын білдірді.