Шымкентте Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Бүгін «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің 2026 жылғы алғашқы отырысын өткізді. Жиында өткен жылдың қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған стратегиялық міндеттер айқындалды. Жиынды ащқан Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев 2026 жылға арналған Үйлестіру кеңесінің жаңа құрамын таныстырып, оны бекіту туралы шешім қабылдады.

Төрағаның орынбасары Ермек Ерғалиұлы Қаңлыбаев 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндама жасап, қол жеткізілген нәтижелер мен жіберілген олқылықтарға жеке-жеке тоқталды. Баяндама барысында кәсіподақ қозғалысының даму бағыттары, әлеуметтік-еңбек жобалары, еңбек ұжымдарымен жүргізілген жүйелі жұмыс және қызметкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы жетістіктер кеңінен баяндалды. Нәтижелі еңбектің айқын дәлелі ретінде 2025 жылы Шымкент пен Тәжікстанның Соғды облысы кәсіподақтары арасында ынтымақтастық орнатылғаны айтылды. Екіжақты Меморандумға қол қою арқылы өңірлік байланыстар нығайып, бауырлас екі елдің еңбекшілері арасындағы қарым-қатынас мүлдем жаңа деңгейге көтерілді.

Кеңес отырысында 2026 жылға арналған іс-қимыл жоспары егжей-тегжейлі талқыланды. Биылғы жылдың негізгі басымдықтары — еңбеккерлердің құқығын қорғау, кәсіподақ құрылымдарын ұйымдастырушылық тұрғыдан нығайту және әлеуметтік серіктестікті одан әрі дамыту болып белгіленді. Сондай-ақ, жиынның күн тәртібіне сәйкес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты талқыланды.

Төраға Бауыржан Алтеев Президент сұхбатындағы экономикалық, технологиялық және әлеуметтік басымдықтарға тоқталып, жаңа жаңғыру кезеңіндегі кәсіподақтардың рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, кәсіподақтардың реформалар процесіндегі орны тек еңбек дауларын шешумен шектелмейді, ол — мемлекеттік тұрақтылықты сақтаудың маңызды тетігі. Үйлестіру кеңесінің қатысушылары еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтау және жұмысшылардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруға дайын екендіктерін білдірді. Жиын қорытындысы бойынша барлық бағыттар бойынша нақты тапсырмалар беріліп, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары бекітілді.