Еңбек адамы үшін кәсіподақ – тек қоғамдық ұйым ғана емес, күнделікті еңбектің қадірін арттырып, адамға рухани демеу болатын сенімді орта. Осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған жандардың бірі – ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Кеекпай Өтешев.
Кеекпай Өтешев кәсіподақты еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, ұжымдық бірлік пен өзара қолдауды нығайтатын маңызды құрылым ретінде бағалайды. Оның пікірінше, қызметкерлердің бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, ортақ демалыстар мен спорттық іс-шаралар өткізу – кәсіподақ жұмысының еңбек адамы үшін айрықша құнды тұсы.

Ұжымда қалыптасқан қысқы және жазғы дәстүрлер, табиғат аясындағы серуендер мен спорттық жарыстар әріптестерді жақындастырып, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттырады. Мұндай шаралар еңбек адамын жігерлендіріп, жағымды эмоция мен ұмытылмас әсер сыйлайды. Бұл – маңдай термен келген адал еңбектің шынайы өтеуі, өмірдің қарапайым, бірақ мәнді қуанышы.
Отбасымен бірге болып, жақындарының амандығын сезіну, ұйымшыл ұжымда әріптестерімен тізе қоса еңбек ету – Кеекпай Өтешев үшін нағыз бақыттың өлшемі. Ол осындай берекелі ортаны қалыптастыруда кәсіподақтың рөлін жоғары бағалап, әрбір мүшеге көрсетілетін қамқорлықты ерекше атап өтеді.
Кеекпай Өтешев 1964 жылғы 8 қыркүйекте Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Мәртөк ауылында дүниеге келген. Орынбор ауыл шаруашылығы институтын ветеринария мамандығы бойынша тәмамдаған. Жалпы еңбек өтілі – 34 жыл. Адал еңбегімен, кәсібіне деген жоғары жауапкершілігімен және ұжымдық іске белсенді араласуымен ол елге сыйлы, құрметке лайық еңбек адамы.
