Шымкент сарапшылары кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін талқылады

«Ontustik» телеарнасының «Көзқарас» қоғамдық ток-шоу бағдарламасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатына және ондағы кәсіподақтардың қоғамдағы рөліне арналған мазмұнды пікірталас өтті. Басқосуға бірқатар қоғам белсенділері мен Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Әлтеев қатысып, өз көзқарастарын білдірді.

Телеэфир барысында Президенттің елді реформалау, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бағытындағы бастамалары кеңінен сөз болып, жаңа экономикалық саясат аясында еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған нақты қадамдар жан-жақты талқыланды.

Пікірталас кезінде кәсіподақтардың қоғамдағы рөліне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, олардың билік пен еңбек адамы арасындағы «алтын көпір» ретіндегі маңызы, әлеуметтік диалог алаңы болуы, құқықтық қорғау тетіктері мен әлеуметтік әріптестікті дамытудағы орны атап өтілді.

Кәсіподақтар мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етіп, еңбек дауларын конструктивті түрде шешуге ықпал етеді. Сонымен қатар, жаңғыру кезеңінде еңбеккерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуын қадағалап, үшжақты әлеуметтік әріптестікті нығайту арқылы қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосады.

Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Әлтеев өз сөзінде Мемлекет басшысының сұхбатының «Turkistan» газетіне берілуі отандық басылымдардың беделі мен қоғамдық ықпалын арттыруға зор серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ, Президенттің «еңбек адамының мәртебесін көтеру» бастамасы жай ғана идеологиялық ұран емес, ол елдің негізгі заңы — Конституцияда және жаңартылған заңнамалық базада нақты бекітілген кепілдіктерге сүйенетінін жеткізді.

Конституцияның бірқатар баптарына енгізілген өзгерістер арқылы ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшерінің мемлекет тарапынан кепілдендірілуі еңбек құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтергенін, бұл көрсеткіштердің Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, «Әділетті Қазақстан» құру жолында еңбек адамының мүддесін қорғау — ел дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі екенін айтты.

Бауыржан Әлтеев кәсіподақтардың бүгінгі рөлі тек мүшелік жарна жинаумен шектелмей, еңбек нарығындағы әлеуметтік теңгерімді сақтауға бағытталғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды бірнеше негізгі салаға бөліп қарастыруға болатынын жеткізді. Атап айтқанда, еңбек дауларының алдын алу және медиация, татуласу орталықтарының қызметі, сондай-ақ еңбек қатынастарына тұрақты мониторинг жүргізу.

Қорытындылай келе, кәсіподақтар мықты әрі әділ болған жағдайда, жүргізіліп жатқан реформалар аясында туындайтын әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға толық мүмкіндік бар екені айтылды.