19-20 қаңтарда Қызылордада Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Еске сала кетейік, екі күндік форумның бірінші күні төрт панельдік секция отырысы форматында өтті. Қатысушылар әлеуметтік-мәдени дамудан бастап ғылым мен білімге дейінгі, сондай-ақ азаматтық қоғам мен экономикалық даму мәселелеріне дейінгі, елдің дамуына тікелей әсер ететін мәселелердің кең ауқымын талқылады.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы – Ұлттық құрылтай мүшесі Сатыбалды Дәулеталин қатысты. Алдыңғы күні ҚРКФ Төрағасы «Азаматтық қоғам» панельдік секциясы аясында Жасанды интеллект дәуіріндегі жұмысшыларды қорғаудың ұлттық стандартын әзірлеу және қабылдау туралы бастамамен сөз сөйледі.
Сейсенбіде, 20 қаңтарда, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Құрылтай мүшелерінің панельдік секциялардағы жұмыс қорытындылары туралы айтып берді. Оның айтуынша, секциялар аясында Құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйледі. Талқылау барысында бизнестің мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысуын жандандыруға, өңірлік дамуға, халықтың медиасауаттылығын арттыруға, IT-мамандарды даярлауды күшейтуге және басқа да мәселелерге қатысты 200-ден астам ұсыныс пен ұсынымдар айтылды.

Жұртшылықтың ұсыныстарын тыңдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің болашағы туралы өз пайымымен және таяу кезеңдегі мемлекеттің даму жолын анықтайтын стратегиялық басымдықтармен бөлісті.
Мемлекет басшысы Қызылорданың дамуын және Арал теңізін құтқарудың маңыздылығын жоғары бағалап, бұл мәселенің жаһандық маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың ел дамуына қосқан үлесін атап, патриотизмнің, тазалыққа қамқорлық жасаудың және әлеуметтік бірлікті нығайтудың маңыздылығын баса айтты. Мемлекет басшысы соңғы жылдары қол жеткізілген нәтижелер мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында біз экономиканың өсуіне қол жеткіздік: елдің ІЖӨ-сі 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққанда — шамамен 15 мың долларды құрады. Ұлттық қордың резервтері 65 миллиард долларға жетті, оның ішінде алтын-валюта резервтері 35 миллиардтан асады », — деді ел Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты экономикалық даму азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға және елдің стратегиялық міндеттерін іске асыруға негіз болатынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан цифрландыруды қарқынды дамыту және жасанды интеллектіні қоғамдық және жеке өмірдің барлық салаларына енгізу жолына түсті, бұл елге жаһандық цифрлық экономикаға кірігуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшылықтың барлық сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеуді және қажет болған жағдайда оған түзетулер енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев болашаққа бағдар жасап және жоспарлар әзірлей отырып, өмір шындығына сүйену қажеттігін атап өтті.
«Кез келген мемлекеттің шынайы күші — халықта. Азаматтарымыздың жасампаз энергиясының арқасында еліміз кез келген қиындықтар мен кедергілерге төтеп бере алатынына, айтарлықтай табыстарға жететініне нық сенемін. Өздеріңіз білетіндей, мен түрлі жоспарлар мен стратегияларды әзірлеуге шамадан тыс әуес емеспін. Өйткені мен бос қиял мен құрғақ уәделерге қарсымын. Болашаққа бағдарларды анықтау және жоспарларды қалыптастыру кезінде өмірге сергек және шынайы қарау керек», — деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станцияларының құрылысы аяқталуын күтпей-ақ, елдегі энергетикалық қуаттарды жедел арттыру қажеттілігі туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстандағы электр энергиясын өндіру көлемі — 123 млрд кВт⋅сағ — барлық стратегиялық жоспарларды іске асыру үшін жеткіліксіз. Президент энергетикалық өзін-өзі қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі элементі болуы тиіс екенін баса айтты. Қазақстанда көмірдің айтарлықтай қоры бар — шамамен 33 млрд тонна, бұл қазіргі тұтыну деңгейінде шамамен 300 жылға жетеді. Президент көмір арқылы қуат өндіруге ұлттық жоба мәртебесін беруді тапсырды және үкіметке бұл мәселені 20 наурызға дейін шешуді міндеттеді. Басымдықтардың арасында Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа ЖЭО салу, Курчатовта электр станциясын іске қосу, ГРЭС-2-де қосымша энергия блоктарын енгізу және Екібастұзда ГРЭС-3 құрылысын бастау аталды.
Мемлекеттің қоғамдық-саяси құрылымының дамуы туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев бірпалаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдайтынын атап өтті. Ол жаңа парламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынды және оның құрылымын айқындады, сонымен бірге депутаттар санын көбейтудің қажеті жоқтығын және Парламентте нағыз патриоттар мен жоғары білікті мамандар жұмыс істеуі керек екенін баса айтты.

«Нәтижесінде мандаттардың жалпы саны 145 болуы керек деген пікір айтылды. Төраға орынбасарларының саны — үшеу, ал комитеттер саны сегізден аспауы тиіс», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент заң шығарушы орган жұмысының тиімділігін қамтамасыз ететінін және ел дамуының басым мәселелеріне шоғырлануға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаңа Парламент бес жыл мерзімге сайланатын болады.
Бұдан басқа, Қазақстанда жаңа мемлекеттік орган — Халық кеңесі құрылатын болады, ол Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына алматырылады. Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді — этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттардан және қоғамдық ұйымдардан 42 өкілден болады. Халық кеңесінің отырыстары жылына бір рет өткізіліп тұрады.
«Кеңес елдің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады, ал оның төрағасы заң шығару бастамасы құқығын алады, бұл оның мәртебесін айтарлықтай күшейтеді», — деп атап өтті Президент.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы қазіргі заманғы сын-қатерлер мен мемлекеттік құрылыс басымдықтарын ескере отырып, ел Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды таныстырды.
«Конституцияның кіріспе бөлімінің жаңа нұсқасында құқықтық мемлекет құру қағидаларын, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау және қоршаған ортаны қорғауды енгізу қажет деп санаймын. Мемлекеттік құрылыстың барлық аталған қағидалар мүлдем өзекті және ұзақ уақыт бойы қайта қарауға немесе эрозияға ұшырауға жатпайды», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай өзгерістер елдің тұрақты дамуы, құқықтық жүйені нығайту және халықтың экологиялық мүдделерін қорғау үшін берік негіз болатынын баса айтты.
Бұдан басқа, Қазақстанда вице-президент лауазымы пайда болады.
Президент мемлекеттік кеңесші лауазымын жоюды ұсынды және Мемлекет басшысының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы норманы Конституцияда бекіту қажеттілігін мәлімдеді.
«Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, егер Президент өз міндеттерін атқара алмайтын төтенше жағдай туындаса, оның өкілеттіктері қалған мерзімге Сенат Төрағасына ауысады. Егер Сенат Төрағасының мемлекеттік басқаруды жүзеге асыруға мүмкіндігі болмаса, президенттік өкілеттіктер белгіленген тәртіппен келесі лауазымды тұлғаларға ауысады. Бұл ретте бүкіл мәселе «қалған мерзім» деген ұғымға тіреледі. Басқаша айтқанда, қалған мерзім алты айды да, алты жылды да құрауы мүмкін», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет басшысының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда екі ай ішінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы норма Негізгі заңда нақты бекітілуі тиіс. Мұндай қадам озық халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді», — деп баса айтты.
«Елдің кез келген басшысы билікке тек сайлау арқылы, яғни заңды негіздерде келуі тиіс. Мен үшін бұл — өзгермейтін ұстаным. Бұл норма болашақ Мемлекет басшылары үшін де бұлжымас қағидаға айналуы тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзінің соңында Президент дипломатияның мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделерін қорғаудың негізгі құралы ретіндегі маңыздылығын баса айтты, сондай-ақ алдағы жалпыұлттық референдум туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы конституциялық өзгерістердің ауқымы бойынша жаңа Конституция қабылдаумен салыстыруға болатынын хабарлады.
«2022 жылы Конституцияның 33 бабы жаңартылды. Алдағы өзгерістер бұдан да ауқымды болады. Негізінде, біз жаңа Конституция қабылдаумен тең қадамның табалдырығында тұрмыз», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент құрамына 100-ден астам адам, соның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал заңгерлер, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары және қоғамдық кеңес өкілдері кіретін Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдады. Комиссия жұмысын Конституциялық соттың Төрағасы басқаратын болады.

«Комиссия барлық ұсыныстарды жан-жақты зерделейді және жүйелейді, содан кейін нақты өзгерістердің жобасы дайындалады. Тек содан кейін ғана біз жалпыұлттық референдум өткізу мерзімін анықтаймыз», — деп баса айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы алғанда, өзінің төрт жылдық жұмысы ішінде 2022 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай мемлекет пен қоғамның диалог алаңына айналды. Бұл органның құрамына қазақстандықтарды мазалайтын мәселелерді талқылауға шығаратын барлық өңірлердің және түрлі қызмет салаларының өкілдері кіреді. Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жаңа қоғамдық шарт қабылдау қажеттілігі және еңбекшілердің ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру мәселелері бойынша айтқан бастамалары 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдаудың және Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» 131-конвенциясын ратификациялаудың негізіне айналды.
Ұлттық құрылтай мүшелері айтқан ұсыныстардың арқасында вандализм үшін жазаны қатаңдату, балаларға ҚР Ұлттық қорынан қаражат есептеу, өскелең ұрпақты әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету және болашақтағы әл-ауқат мәселелері бойынша және басқа да түзетулер қабылданды. Сонымен, төрт жыл ішінде оның алаңдарында 200-ден астам бастама айтылды және оларды іске асыру үшін заңнамалық база қамтамасыз етілді, 26 заң қабылданды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникациялары орталығы
