Қызылорда жастары және «Келешек» кеңесі: болашаққа бағытталған ашық пікір алмасу

Қызылорда қаласындағы Смағұл Ысқақов атындағы көпсалалы инновациялық жоғары колледжінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев өңірлік жастар ұйымдарының өкілдерімен жүздесіп, тұщымды ой бөлісті. Бұл келелі жиынның басты мақсаты – еңбек жолын енді бастайтын жас буын мен бүгінгі кәсіби мамандардың кәсіподақ қозғалысы төңірегіндегі ынтымақтастығын нығайту.

Оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысу кезінде мекеменің білім беру бағдарламалары мен өндірістік мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ заман талабына сай білім алып жатқан жас мамандардың практикалық жұмыстары көрсетілді. Кездесуге қатысушылар колледждегі дуальды оқыту жүйесіне, кәсіби бағдар беру жұмыстарына және жастарды еңбек нарығына бейімдеу жобаларына ерекше қызығушылық білдірді.

 

Қалалық және аудандық «Келешек» жастар кеңестерінің төрағалары, түрлі саладағы жас белсенділер мен студенттер бас қосқан жиын ашық пікір алмасу түрінде өтті. Онда жастардың еңбек құқықтарын қорғау, кәсіподақтар ішінде жас көшбасшыларды тәрбиелеу, әлеуметтік көмектер мен кәсіби тұрғыда өсу мәселелері жан-жақты сөз болды.

Жиын барысында Қызылорда облысы ауиақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев жастардың кәсіподақ жолындағы рөліне тоқталды. Оның пайымдауынша, жас буын — кәсіподақты алға сүйрейтін басты күш қана емес, еңбек саласындағы сабақтастық пен тұрақтылықтың берік іргетасы.

«Кәсіподақтың ертеңі тікелей жастарға байланысты. Сондықтан жас мамандар мен кәсіподақ ұйымдары арасындағы сенімді нығайтып, ынтымақтастықты арттыру — бүгінгі күннің ең маңызды міндеті», — деп атап өтті кәсіподақ орталығының басшысы.

«Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев өз сөзінде кәсіподақтардың жұмысшының мүддесін кәсіби деңгейде қорғайтын негізгі күш екенін айтты. Жастардың белсенділігі мен тың бастамалары кәсіподақ жұмысына жаңа серпін беріп, еңбек қатынастарына заманауи көзқарас қалыптастыруға көмектесетінін жеткізді.

Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясының «30 Еңбек елшісі» жобасының жеңімпазы Назгүл Сапахова өз тәжірибесімен бөлісті. Ол жастар мен кәсіподақтардың бірлігі — әділетті қоғам құрудың басты кепілі екенін айтып, қатарластарын кәсіподақ жұмысына белсене араласуға шақырды.

Кездесу соңында қатысушылар бұл жүздесудің өте пайдалы болғанын және алдағы уақытта кәсіподақпен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашқанын айтты.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдарда 35 жасқа дейінгі 448 516 жас маман бар. Бұл — жалпы мүшелердің 27 пайызы. 2026 жылы «Келешек» жастар кеңесі зауыттарда, мектептер мен университеттерде және тікелей жұмыс орындарында осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізуді жалғастырмақ.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы