Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары аясында аймақтың кәсіподақ белсенділерімен кездесу өткізді. Ұлттық құрылтайдың V отырысына қатысуға келген ҚРКФ басшысының бұл жүздесуіне өңірдегі кәсіподақ көшбасшылары мен жас белсенділер жиналды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның алдағы уақыттағы даму бағыттары мен стратегиялық мақсаттарын нақты белгілеп бергенін айтты.

«Ұлттық құрылтайда талқыланған басты басымдықтар алдағы реформалар арқылы азаматтардың өміріне оң өзгерістер әкелуі тиіс. Кәсіподақтар азаматтық қоғамның маңызды бөлшегі ретінде бұл бағыттарды қолдайды және мұны Әділетті Қазақстанды құрудың берік негізі деп біледі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясы басшысы Құрылтайдың алғашқы күні өткен «Азаматтық қоғам» секциясында жасанды интеллект дамыған заманда жұмысшыларды қорғайтын ұлттық стандарт әзірлеу туралы ұсыныс тастағанын жеткізді.

«Жасанды интеллект – бұл бүгінгі күннің шындығы. Ол өндіріс процестерін өзгертіп, кәсіпорындардағы еңбек қатынастарына жаңаша әсер етіп жатыр. Біздің міндетіміз – заң әлі реттеп үлгермеген тұстарды алдын ала қарастырып, адамдардың құқығын қорғау. Мұндай ережелер неғұрлым ерте бекітілсе, жұмысшыларға да, жұмыс берушілер мен мемлекетке де соғұрлым түсінікті болады. Менің ойымша, әділетті цифрландыру дегеніміз – экономика адамның есебінен емес, адаммен бірге табыс табуы керек. Өнім көп өндірілсе, жалақы да өсіп, жұмыс орны қауіпсіз әрі сапалы болуы қажет. Технология адамды алмастырмауы керек, керісінше оған көмектесуі тиіс», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Өз кезегінде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшысы Мақсұт Нәлібаев кәсіподақ ұйымдарының жергілікті жерлерде атқарып жатқан күнделікті жұмыстары мен тыныс-тіршілігі туралы баяндап берді.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы кәсіподақ орталығы 11 салалық кәсіподақ филиалының жұмысын үйлестіріп отыр. Олардың құрамында 994 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар, ал ондағы мүшелердің жалпы саны 94 275 адамды құрайды.

Жиын барысында ҚРКФ төрағасы өңірдегі еңбек қатынастарының қалай дамып жатқаны туралы жергілікті кәсіподақ жетекшілерінің пікірлерін тыңдады. Кездесуде облыстық кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестік аясында жеткен жетістіктері, еңбек дауларын болдырмау жолдары, жұмысшылардың құқығын қорғау, сондай-ақ жастар саясаты мен құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Салалық кәсіподақ басшылары өз бағыттарындағы қызметті баяндап, еңбек жағдайын жақсарту, жалақының кешіктірілмей берілуі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен ұжымдық шарттардың орындалуына қатысты ой-ұсыныстарын ортаға салды.

Кездесу соңында Сатыбалды Дәулеталин еңбек қатынастарының болашағы мен кәсіподақ жұмысының негізгі міндеттеріне тоқталып, әріптестеріне маңызды бір жайтты ескертті. Кәсіпорындар мен аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін жұмыс берушілермен және мемлекеттік органдармен ашық әрі тиімді жұмыс істеудің, яғни әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екенін айтып, сөзін түйіндеді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
