Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қызылорда қаласындағы «Қоғам tv» қоғамдық телеарнасының «Мезгіл мәселесі» бағдарламасына сұхбат берді. ҚРКФ төрағасы жақында Қызылорда облысында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерілген өзекті мәселелерге тоқталды.

Сұхбат барысында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ұлттық құрылтай жұмысына бес жыл қатарынан қатысып келе жатқанын атап өтті. Ол бұл алаңда ел дамуына тікелей әсер ететін әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық маңызы бар мәселелер жүйелі түрде талқыланып, нақты шешімдер қабылданатынын жеткізді.
«Соңғы жылдары ел басшылығы еңбек қатынастары саласындағы бастамаларға, жұмысшылардың құқығын қорғауға және еңбек дауларын реттеуге айрықша көңіл бөліп келеді. Ел дамуындағы оң реформалар Ұлттық құрылтай аясында қабылданған нақты шешімдерден айқын көрініс тапты. Мұнда еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмыспен қамту сапасын жақсарту, еңбек заңнамасын жетілдіру арқылы отандық жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік әділеттілікті нығайту басты бағыттар ретінде айқындалды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Төрағаның айтуынша, дәл осы Ұлттық құрылтай жиындарында кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастарды еңбек нарығына бейімдеу бойынша маңызды міндеттер белгіленді.
Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектің еңбек саласына ықпалына ерекше назар аударылды. Осыған орай, Кәсіподақтар федерациясы жаңа жағдайда еңбек құқықтарын қорғау мәселесін күн тәртібіне қойды.
«Цифрлық технологиялар ең алдымен адам игілігіне қызмет етуі тиіс. Сондықтан біз жасанды интеллект дәуірінде жұмыскерлердің құқығын қорғайтын Ұлттық стандарт әзірлеп, қабылдауды ұсындық. Сонымен қатар, қазірден бастап мамандарды қайта даярлау, халықты жұмыспен қамту және жаңа алгоритмдермен жұмыс істеу мәселелерін мұқият ойластыруымыз қажет. Стандарт баршаға ортақ әрі түсінікті ережелерді бекітуге мүмкіндік береді. Біз тиісті жобаны дайындап қойдық және оны әлеуметтік серіктестерімізбен талқылауға дайынбыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин 2022 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың төрт жылдық жұмысы ішінде мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірге, еркін пікір алмасу алаңына айналғанын атап өтті. Бұл органның құрамына еліміздің барлық өңірлерінен және түрлі салалардағы өкілдер кіреді, олар қазақстандықтарды толғандыратын сан түрлі мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын іздейді.
Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жаңа қоғамдық шарт қабылдау және ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру туралы бастамалары маңызды құжаттарға негіз болды. Атап айтқанда, бұл ұсыныстар 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасына енгізілді. Сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» 131-конвенциясының ратификациялануына тікелей ықпал етті.

Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың ең басты мақсаты – еңбек адамының мүддесін қорғау, әділ әрі қауіпсіз жұмыс ортасын қалыптастыру және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау екенін қадап айтты. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
